Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Толық тексерілді, іздестіру жалғастырылуда”: Атырауда жоғалып кеткен отбасы жайлы жаңа дерек шықты

17:20, 20 қаңтар 2026

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстары тоқтатылған жоқ. Бұл жөнінде өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы  kznews.kz-ке сілтеме жасап.

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, іздестіру жұмыстары тек жауапты мекемелер алдын ала белгілеген нақты аумақтарда аяқталған. Алайда жалпы іздеу процесі толық тоқтатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Ратбек Демеубергеннің мәлімдеуінше, департаменттің жеке құрамы қазіргі уақытта дайындық режимінде отыр.

"Іздестіру жұмыстары тоқтатылған жоқ. Бұған дейін полиция департаментінен түскен мәліметтерге сәйкес белгілі бір аумақтарда іздеу жүргізілді, ол жерлер толық тексерілді. Қосымша ақпарат келіп түссе, соған сәйкес іздестіру қайта жандандырылады. Сондықтан "іздеу тоқтатылды" деген ақпаратпен келіспейміз", – деді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сәйкес, 3-6 қаңтар аралығында Жангелдин ауылындағы жоғалған азаматтардың тұрғын үйі, елді мекеннің айналасы, сондай-ақ су көздері түгелдей қаралған. Сонымен қатар, басқа да құзырлы органдар қызметтік иттердің көмегімен тексеру жұмыстарын жүргізген.

Еске салайық, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір үйдің төрт адамы із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Кейін 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылып, олардың балалары – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.

Аталған іске байланысты күдікті ретінде үйдің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған. Сондай-ақ оның жұбайы, яғни Мұқанғалиевтер әулетінің кенже қызы Ақбаян да халықаралық деңгейде іздеуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар