Журналист Жанат Молдашова желідегі парақшасында Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен отбасы жайлы жаңа деректерді жариялады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Жангелдин ауылындағы қылмысқа қатысты жазбаларыңыздың бәрін көріп жатырмын. Жауыздықтың куәсі болғанымызға 12 күн өтті. Құзырлы органдар тарапынан хабар күтейік. Әзірге ауыз толтырып айтар жаңалық жоқ.
Иә, әрине қоғам алаңдайды. Елде “Қылмыскер ұсталмай қала ма? Мына қылмыс ашылмай қала ма?” деген үрей бар. “Сіз жақсы бастап едіңіз. Неге аяқсыз қалдырдыңыз? Неге үндемей қалдыңыз? Үнсіз қалдыңыз” деп жазып жатыр.
Мен сол сәттегі барлық тарапты тыңдап, сіздерге бәрін жариялап салдым. Бірақ менің миым әлі де тыныш емес… Мен өз бетімше сараптама жасап жатырмын. Қайтадан тыңдаймын. “Не болды? Не әсер етуі мүмкін? Кім болуы мүмкін?” деп… Одан бөлек құзырлы органдар саласында жасаған тәжірибем бар деген адамдар жазып, хабарласып өздерінің болжамдарын айтып жатыр.
Марқұмдардың денесінің табылып, біздің Жангелдин ауылына барып келгенімізге 12 күн өтіпті. Сайттың тілшілері “Бұл әлі де зерттелуі керек. Әлі де айтылуы керек. Біз қоғам үнсіз қалмауымыз керек” деп жазып жатыр. Мен тікелей эфирге шығайын. Сіздердің сұрақтарыңыздың барлығына сол жерде жауап берейін. Өзімнің көрген, білгеніммен сол жерде бөлісейін. Бір уақытын белгілейік. Сұрақтарыңызға жауап беремін”,- деді журналист.
