Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нұрайдың өлімі: Президент сынынан кейін Шымкент полиция департаментінің бастығы мен орынбасарлары қызметінен кетті

18:22, 20 қаңтар 2026

Президенттің сынынан кейін Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша Шымкент полиция департаментінің бастығы  Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметтен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамауы бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.

"Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", - делінген хабарламасында.

Сонымен қатар, қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік шаралар қабылданған.

"Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылған.

Еске салайық, бүгін Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте болған Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қайғылы оқиғаға назар аударды.

"Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды.

Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деді Мемлекет басшысы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар