“Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді”. Бұл туралы Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
— Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры оның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым.Бас прокуратура да бұл істі жан-жақты әрі мұқият тергейтін болады.
Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістерде соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс", – деді Тоқаев Ұлттық құрылтайда.