Қазақстанда адамның соңына түсу және жүйелі түрде сталкинг (қудалау/аңду) бабы бойынша тарихтағы алғашқы қылмыстық іс айыптау үкімімен аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Атырау облысының Құрманғазы ауданында бірнеше әйелдің мазасын алған «түнгі қонаққа» қатысты сот шешімі жарияланды.
Оқиғаның мән-жайы бойынша, ауыл тұрғыны түнде үйлердің қоршауынан асып түсіп, терезе алдында сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттер жасап келген. Бастапқыда бұл әрекеттер жай ғана бұзақылық ретінде қабылдануы мүмкін еді, алайда жәбірленушілердің бірі ұсынған бейнебақылау камерасындағы айғақ істің бағытын өзгертті.
Тергеу барысында сотталушының тек терезе сығалаумен шектелмей, заманауи технологияларды да пайдаланғаны анықталды:
• Ол «2ГИС» қосымшасы арқылы жәбірленушінің кәмелетке толмаған ұлының геолокациясына қол жеткізген.
• Осы мәліметтерді пайдаланып, әйелді әртүрлі жерлерде аңдып, соңынан қалмай қудалап отырған.
Сот бұл әрекеттерді жекелеген оқиғалар емес, адамның еркіне қарсы жасалған жүйелі аңду деп танып, Қылмыстық кодекстің жаңа 115-1-бабы (із кесу) бойынша үкім кесті.
Құрманғазы аудандық сотының шешімімен кінәлі азаматқа 200 сағаттық қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол жәбірленушіге 400 000 теңге моральдық шығын және 200 000 теңге сот шығындарын төлеуге міндеттелді. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.