Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Ал енді заман сендердікі. Елге қалай да тез еңбек сіңіріп, дұрыс басшылық етіңдер»

21:37, 22 тамыз 2024 811

Мен Сұлтанмахмұтты 1919 жылдың октябрь айынан бері білем. Екеуіміздің ауылымыздың арасы 125 шақырым. Бізде — Баянауылда Боқырау жәрмеңкесі деген үлкен жәрмеңке болып тұрды, сол жәрмеңкеде мен Сұлтанмахмұтты бірінші рет көрдім. Ол ноғайдың үйінде жатыр екен. Сол үйге Сұлтанмахмұтты көруге сағат үштің кезінде өзім іздеп келіп, сәлем бердім. Оны көптеген жігіт қоршап отыр екен.

Мені Сұлтанмахмұтпен Шерияздан деген немерелес ағасы таныстырды. Бірақ мен Сұлтанмахмұтты Шерияздан таныстырмастан бұрын да білуші едім.

Сұлтанмахмұт сол кезде-ақ құрт ауруымен ауырып жүр екен, өйткені оның жанында түкіретін шынысы тұрды. Шынының аузын жауып ұстайды. «Аузын ашып қойса, ішіндегі құрт далаға шығып кетеді», — деп әзілдеп отырды Сұлтанмахмұт.

Сол жәрмеңкеде жүргенімізде, сауда жасап жүрген орыстың, ноғайдың саудагерлерін көріп, Сұлтанмахмұт:

— Осы күнде де сауда жасап жүрген орыстың, ноғайдың саудагерлерін мен ақылы жоқ ақымақ деп түсінем. Біз өзіміз осы күні уақытша Колчакқа бағынып отырған халықпыз, ал осы саудагер орыс, ноғай байларының ойына бұл кіріп те шықпайды. Әсіресе, міне, біздің Ақмола, Қызылжардың ноғай саудагер л ерінің есі жоқ екен, - деді.

Сол уақыттың өзінде де Сұлтанмахмұт: «Сірә, менің өмірім ұзақ болмас, сонда да осы жаңа дүниенің, жаңа тұрмыстың, жаңа өмірдің шет жағасын болса да көрсем екен», -деуші еді.

Сұлтанмахмұтпен танысып, біраз әңгімелесіп отырғасын, қоштасып - амандасып кеттім мен. Содан елге барғасын мен ауырып қалдым. 7 январь күні Сұлтанмахмұт біздің ревкомның сайлауына келді. Сол ревкомның мүшесі болып сайланды. Сайлауда екі жақ болды: бірі — байлар жағы, екіншісі — кедейлер жағы.

Сол кедейлердің жағы Сұлтанмахмұтты ревкомның мүшесі етіл сайлады.

Сұлтанмахмұт Далбан ауылына келгенде, мен де Сұлтанмахмұт сияқты туберкулезбен ауру едім. Мені ревкомның мүшелігіне Сұлтанмахмұт өзі сайлатып қойды. Содан ай жарым өткесін мен ревкомның қызметіне кірістім. Сосын май айы болып қалды. Сол кезде Сұлтанмахмұт қатты ауру деп хабар келді. Мен көңілін сұрау үшін Ақбеттауға жүріп кеттім. Келіп көңілін сұрасам, екі иығынан демін алып жатыр екен. Ол кезде май айының 15-16 шамалары еді. Сұлтанмахмұттың әйелі жоқ болатын ол кезде.

Сонда Мәлике деген бір қызды Сұлтанмахмұт: «Мен бәрібір өлем, бірақ осы Мәликені алғаным болып есептелсін, қасымда бір-екі күн болса да отырсын», — деп қасына отырғызып қойыпты.

Сұлтанмахмұт мен барғасын менен сұрады:

— Ал сен алыс жерден келген екенсің, сенің елің не болып жатыр? Біздің елде әлі совет заңы жүрмей жатыр. Бізде мына бір Жақып қажы деген пәле жасап жатса керек. Дегенмен, совет деген Жақып түгіл оның әкесіндей кісінің де мойнына жұлып алады ғой. Ал енді заман сендердікі. Менің бүгін-ертең құрт қолқамды қиюға жақындады. Мен сендерге көп түсіндіруге шамам жоқ. Елге қалай да тез еңбек сіңіріп, дұрыс басшылық етіңдер, — деді.

Нұрке Жаналин естелігінен

1945 жыл, 22 май

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар