Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қуатты өңірлерді дамыту басты назарда

18:31, 27 қыркүйек 2024 483

"Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы Қазақстанның өңірлерін дамытуға бағытталған негізгі мемлекеттік бағдарлама. Бұл жоба өңірлік диспропорцияларды азайту, инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын жеделдету мақсаттарын көздейді. 2020 жылдан бастап жүзеге асырылған жоба аясында әртүрлі секторларда маңызды бастамалар қолға алынған.

Биылғы жылы ұлттық жоба аясында инфрақұрылымның дамуы мен өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламалары, өңірлердегі әлеуметтік жүйелердің нығайту мәселелері қарастырылды. Қазақстанда инфрақұрылымның дамуы қарқынды түрде жалғасуда, оның ішінде автожолдардың жағдайы басты назарда. Соңғы деректерге сәйкес, елдегі республикалық трассалардың 92%-і қанағаттанарлық күйде. Жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы да жақсарып, 87%-і сапалы болып табылады. Бұл көрсеткіштер Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында ерекше жоғары. Аталған өңірлерде жолдардың сапасы тиісінше 98%, 97%, және 94%-ға жеткен.

Батыс аймақтарда жол сапасы айтарлықтай төмен деңгейде. Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жолдардың жағдайы 52-76% аралығында ғана қанағаттанарлық деп бағаланған. Бұл аймақтардағы инфрақұрылым мәселелері алдағы жылдары шешілуі тиіс.

Көлік министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы елде жалпы 12 мың шақырым жол салу және жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 5,3 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдарды қамтиды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында ұзындығы 1300 метр болатын елдегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұл шаралар Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, елдегі аймақаралық қатынастарды жақсартуға, сондай-ақ экономикалық дамуға үлес қосуға бағытталған. 2023 жылы Қазақстанда шағын қалалар мен ауылдардағы білім беру инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1008 мектепте жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл мектептерде 360 мыңнан астам бала білім алуда, сондықтан олардың білім беру жағдайын жақсарту маңызды болды.

Ауыл мектептерін жаңғырту жобасы аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерімен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды қайта құру, қауіпсіздік шараларын күшейту және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық жаңартулар жүзеге асырылды. Бұл шаралар ауыл мектептерін балалар үшін жайлы және қауіпсіз орынға айналдыруға бағытталған.

Министрліктің мәліметі бойынша, 653 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 612 заманауи пән кабинеттері орнатылды. 587 мектепте жиһаз жаңартылып, 771 мектепте кітапханалар жаңғыртылды, 263 мектепте асханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 715 мектепте қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда республика бойынша химия, физика, биология, STEM және робототехника салалары бойынша 1516 заманауи пәндік кабинеттер ашылған, және биыл тағы 1000 кабинет ашу жоспарлануда.

Жалпы, 2025 жылға дейін ауыл мектептерінің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын тауып, 5 мың мектепті жаңғырту көзделген. Бұл бастама ауылды жерлердегі білім беру сапасын арттыруға және оқушыларға сапалы білім алу үшін қолайлы жағдай жасауға үлкен қадам болып табылады.

Бұл жоба Қазақстанның өңірлерін теңдестірілген түрде дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді бастама болып табылады. Ол әрбір өңірдің жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, елдің жалпы экономикалық дамуына үлес қосу үшін жасалған.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар