Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру»: Жапониялық мамандар Қазақстанның білім беру жүйесімен танысты

16:21, 27 қыркүйек 2024 598

Бүгін Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейінде  Жапониялық «World Association of Lesson Studies» ассосациясының өкілдері қатысқан халықаралық конференция өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Оған Жапониядағы білім саласының мамандары, Астана қаласы Білім басқармасының мамандары,  Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы мен N85 мектеп ұжымы қатысты.

Халықаралық шарада шетелдік қонақтарды Қазақстанның білім беру жүйесімен, мұғалімдердің методикасымен, практика және педагогика жұмысын ұйымдастыру әдісін көрсетіп, ұлттық құндылықтармен таныстырды. Әсіресе, қазақы тәрбиені дарытуға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының іске асу жолдарын көрсетті. Мысалы, биылдан бастап әр мектептің күн тәртібінде тұрған «8 минут», «Қауіпсіздік сабақтары», «Ұлттық құндылықтар күні» туралы толығырақ айтылды. Тәжірибе алмасуға арналған шарада қазақ мұғалімдері білім беру үрдісінде ұрпақ бойына теория мен қатар ұлттық құндылықтарды сіңірудегі әдістерін айтты. Олар жапондықтарға мектепті осы методика бойынша оқып, бітірген оқушының бойында ұлттық құндылық қалыптасып, болашақта елін сүйетін патриот әрі білімді азамат болып өсетінін айтты. Яғни, «Біртұтас тәрбие» жобасы оқушының шығармашылық қабілетін дамытып, рухын арттыратынын жеткізді.

Шара шымылдығы «Адай» күйімен ашылып, интеллектуальды көрменің таныстырылына жалғасты. Ал бұдан соң қонақтар тоғызқұмалақ ойнап, оқушылардың қолдан жасаған ұлттық бұйымдарын көрді. Спортзалда қазақ күресі, асық ату, бес тас сынды ұлттық ойындар ойналса, оқушылар TedX форматта шетелдіктерге Қазақстан болашағын дамытуға арналған жобаларын таныстырды.

Жапония мұғалімдері осы тұрғыда көкейтесті сұрағын қойды. Өз кезегінде жапониядағы білім беру жүйесіндегі әдіс-тәсіл туралы ақпарат берді. Сонымен қатар қазақ мұғалімдерінің білім саласына деген сүйіспеншілігі мен оқушылардың потенциалы жоғары екенін атап өтіп, Қазақстанда білім алуға жоғары жағдай жасалғанын айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар