Әзербайжандық әнші Роза Зергерлі Ақтау түбіндегі ұшақ апаты болған кезде Қазақстанда болған, деп хабарлайды Alash.KZ Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
Әнші қайғылы жағдайға байланысты Қазақстандағы концерттік туры өтпейтінін жеткізді. Алғашқы концертіне мың жарым адам келген. Алайда әнші сахнаға шығып ән айтпаған.
«Бұл қайғылы оқиға - тек Әзербайжан үшін ғана емес, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан үшін де трагедия. Бұл біздің ортақ қайғымыз. Қазір мен Қазақстандамын. Алғашқы концертті өткізуден бас тарттық. Алайда, мені көруге келген көрерменнің санын ескере отырып, мың жарым адам жиналған концертке бардым. Бірақ ән айтқан жоқпын. Бір минут үнсіздік жарияладым. Мені қолдаған барша жанға алғыс. Ал соңында әр келген адаммен суретке түстім. Мереке қарсаңында жақындарынан айырылған әрбір жанға қайғыра көңіл айтамын. Қаза тапқандардың ішінде менің құрбымның баласы да бар», - деді Роза Зергерлі.
Осыған дейін Әзербайжанның танымал әншісі, актриса Роза Зергерлі өзінің есімі қазақтың әйгілі әншісі Роза Рымбаеваның құрметіне қойылғанын айтқан болатын.