Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева
Қай халықтың болмасын, өзіндік өмір сүру әдеп-тәртібі бар, ол тәртіп елдің тек Конституциясы мен өзге де заңдарында жазылмайды. Ешбір заңды білмейтін адамның да жолынан адаспай, тәртіп бұзбай түп-түзу жүріп тұра алу мүмкіндігі бар. Мұндай «сүрлеуді» елдің діні мен даналығы салады.
Әлімсақтан (әлмисақтан) мұсылман қазақ халқының да күнделікті өмір сүруінің әдеп-тәртібі бар. Ол, ең алдымен, қасиетті Құранда, екіншіден, Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) қалған хадистерде, үшіншіден, халық даналығында жазылған. Халық даналығын мұндай жоғары орынға қоятын себебіміз – оны құрайтын мақал-мәтелдер мен нақылдардың өзі де мұсылмандықтың қағидаларынан бастау алатынында. Сондықтан қиналғанда да, қуанғанда да халық осы үш нәрседен көмек сұрайды, кез келген жағдайда жанына керегін табады. «Әй, иман келтіргендер! Аллаһқа бой ұсыныңдар және Елшіге бой ұсыныңдар. Егер бірнәрседе талассаңдар, оны Аллаһқа және Елшіге жүгінтіңдер» (Ниса сүресі, 59-аят) делінеді қасиетті Құранымызда.
Жаратушы Иемізден Мұхаммедке (с.а.у.) Жебірейіл (ғ.с.) арқылы жеткен қасиетті Құранның бір сөзі де өзгермеген деп сенеміз. Ал өз заманында дінімізге, Алланың елшісіне қастық қылғандар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) атынан өз айла-амалдарын «хадис» деп таратқан болатын, оны Мұхаммед (с.а.у.) сезіп, кім көрінгеннің хадис деп өз ойларын таратуына тыйым салып, «Кімде-кім менің атымнан мен айтпағанды айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін» [1, 50] деген. Шын хадис пен жалған хадисті бір-бірінен ажырату жолдарын да көрсетіп, «хадис ең ақылға сыйымды қағидалар жинағы, егер ақылға сыймаса, тыңдаушыларын иландырмаса, ол шын хадис емес» деп түсіндірді [2, 3]. Содан хадистерді зерттеу ғылымы пайда болып, Алланың елшісінің тек сенімді сахабаларынан жеткен «хадистер» ғана іріктеліп алынған. Ол үшін ғұламалар үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сенімді деп тану үшін де хадистерді жеткізуші сахабалардың, яғни иснадтардың әрқайсысының өмірі тереңінен зерттелген. Нәтижесінде бүгінгі күні бізге түрлі бұрмалаушылықтан тазартылып алынған әл-Бұхари «Сахих» хадистері топтамасы жеткен. «Сахих» деген сөз араб тілінде «дұрыс» деген мағынаны білдіреді.
Қасиетті Құранның Нәжм сүресінің 2-аятында: «Ол (Пайғамбар) өз ойынан сөйлемейді» – делінеді. Демек, Аллаһтың дінін жеткізу барысында Пайғамбардың (с.а.у.) барлық сөздері мен іс-әрекеттері оның нәпсі, қалауынан туындамай, жоғарыдан басқарылған [1, 4]. Сондай-ақ «Елші неден тыйса, содан тыйылыңдар» (Хашр сүресі, 7-аят), «Кім пайғамбарға бағынса, расында, Аллаһқа бағынған болады » (Ниса сүресі, 80-аят), «Расында сендер үшін Аллаһтың елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзап сүресі, 21-аят) деп келетін т.б. көптеген аяттар бар.
Сонымен, Аллаға шүкір, Құранның сөзі өзгермеген екен, хадистер тазартылған екен. Ал «Біздің халқымыздың даналығы қандай күйде тұр?», «Оның да қандай да бір бұрмалаушылықтардан зардап шегіп, бұралқы сөзге айналып кеткен тұстары жоқ па?» деген тәрізді сұрақтар төңірегінде біз ойланып көрдік пе? Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, «мақал-мәтелдің атқаратын функциясы не?» деген сұраққа жауап іздейік. Мақал-мәтелдің атқаратын қызметін М.Әлімбаевтың «Қайық білмегенін кемеден сұрайды, халық білмегенін көнеден сұрайды» [3, 122] деген нақыл сөзінен таба алатын тәріздіміз. Нақтылай айтсақ, мақал-мәтел – халықтың өмірлік тәжірибесінен алынған ақыл-кеңес, даналық. Тіл – белгілі бір ұлттың басты сипаты болғандықтан, cол тілдегі мақал-мәтел де ұлттың рухани қазынасы болып саналады. Мұндай қазынаның кереметтігі соншалық, халық даналығы ұлт сандығынан табылып жатқан асыл тастар іспетті ұлт өкілі саналатын әрбір тұлғаның санасында «бұл сөзді менің халқым айтқан» деген мақтаныш сезім ұялатуы тиіс. Сонда басқа халықтар да мынадай халықта мынадай сөз бар екен деп, өз тілдеріне аударып алып қажетіне жаратып жатады. Демек, мақал-мәтел адамзаттың ортақ қазынасы іспетті, бір халықтың даналығы басқа бір халыққа өнеге боларлық жоғарғы деңгейде құралып жатады. Оның даналық деп аталуы да сол себептен. Мысалы, қытайлар айтады екен: «Екі жақсы адам бар, біреуі өліп кеткен, біреуі дүниеге енді келеді» деп (ағыл.т.-нен аударып отырмыз – Н.Р.), ағылшындар айтады: «Атты жетектеп суға апара аласың, бірақ мәжбүрлеп ішкізе алмайсың» деп. Қазақтың да әлемді аузына қарататын даналығы баршылық, «Дау шешеннен қорқады, шешен мылжыңнан қорқады», «Бақаны таққа отырғызсаң да батпақтағы әдетін қоймайды», «Аспаннан киіз жауса да сорлы ұлтараққа жарымас», «Сіңбейтін жерге су құйма», «Шыбынға шоқпар көтермес болар», «Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді», т.б.
Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың «Жақсы сөзді ел жаттар, ел жаттар сөзде салмақ бар» деген сөзінен де кез келген ел жаттайтын сөздің жауапкершілік арқалайтынын ұғамыз. Демек, мақал-мәтел – білмегенді сұрауға, қиналғанда да, қуанғанда да, кез келген кеңес керек болған жағдайда сүйенетін ақылшымыз, кеңесшіміз екеніне дау жоқ.
Кезінде Абай өзінің «Жиырма тоғызыншы сөзінде» «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар» деп, «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген мақал-мәтелдердің тас-талқанын шығарып сынаған еді. Осы қарасөзінде сыналған бес мақалдың соңғысы қазір белсенді қолданыста болмаса да, алдыңғы төртеуін халық әлі аузынан тастамай келе жатыр. «Қалауын тапса, қар жанады» мен «Атың шықпаса, жер өрте» ауыспалы мағынасындағы қолданыста аса қауіпті болмаса да, «Жарлы болсаң, арлы болма», «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мақал саналып жүрген сөздер шын мәнінде қажетсіз, тәлімі кері, жолдан адастыратын қауіпті сөздер. Дегенмен, «Жарлы болсаң, арлы болма» дегенді бірқатар жинақтар (мыс, [4, 172] [5, 111], [8, 61], [12, 133].) «Жарлы болсаң да, арлы бол» деген түзетілген нұсқамен алмастырды да, кей әдебиет көздері (мыс, [6, 317], [11, 320]) әлі өзгертпестен беріп отыр. Ауыздан тасталу үшін бұлар алдымен көзден тасаланып, мақал-мәтелдердің жинақтарына енгізілмей қалу керек болатын. Қазақ даналығының бір үлгісін көрсете білген М. Әлімбаев «Абайға тоқтамайтын қазақ Құдайға да тоқтамас» [3, 135] дегенді айтыпты, бұған қоса, қазіргі уақытта халық арасында «Абайға тоқтамайтын қазақ жоқ» деген сөз де қалыптасып үлгерді. Бірақ, қалыптасқанмен, әлі негізінен сөз жүзінде, ол іс жүзінде қалыптасқан жағдайда бүгінгі күні қазақ ұлты біртұтас «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін, «Оны және Оның хикметін сүйетіндігін» парыз болған амалдарын бір кісідей орындаумен көрсетіп отырған болар еді. Десек те, салыстырмалы түрде қарағанда өткенгіден бүгін жақсы болғандықтан, бүгінгіден ертең жақсы болатынына сенім бар. «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ..." деген жүрекжарды Абай тағылымы «жүректен кіріп бойды алмай қоймайды».
Сол Абайдан бастап «соңынан өлмейтұғын сөз қалдырған» қазақтың қай данасын алып қарасаңыз да, бірде-бірі Хақ Тағаланы айналып өтпеген. Ғылым іздеуді мұсылманның парызы деген қағиданы ұстанған Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білігін» түгелімен дерлік бір Алланы танып, Оның елшісіне мойынсұнуға арнаған деуге болады. Бұқар жыраудың тілегіне құлақ салсаңыз, «Бірінші тілек тілеңіз – Бір Аллаға жазбазқа, ... Бесінші тілек тілеңіз – Бес уақытта бес намаз біреуі қаза қалмасқа» дейді.
Бесігінде уызына жарыған, өз тегіне адал болып өскен ұрпақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырса керек. Қазақ ұғымында қалыптасқан тектілік деген ұғымды да қазір әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Біздің ойымызша, жоғарыдағы аталып өткен «Құран-хадис-даналығымызға» негізделген өмір сүрудің әдеп-тәртібі екі дүниеде де абыройлы болуды қамтамасыз ететін, нағыз тектіліктің кепілі іспетті. Текті ел осы әдеп-тәртіптен жаңылмаса керек. Олай болмаған жағдайда ел, ондағы үлкен де, кіші де дұрыс жол (хидаят) мен адасушылықты (далалат) айыра алмай, азуы мүмкін. Елдің азуы, азған ел деген жәй сөз емес. «Жастар қайда барады?»-ны былай қойғанда, қазақ тіліндегі ең керемет «әже» деген тәтті сөзге шамданған қарттық жасына жеткен әйел кісілер, әлі жаспын дейтін беймаза қариялар, көзі бәрін көріп, бір Алланы көрмейтін, мың кітап оқып, бір Құранды ашпайтын ғалымдар сондай зұлматтың белгілерінен тәрізді көрінеді.
Ғалымдықтың үлгісін көрсеткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да өзінің араб әліпбиімен жасаған әліпбиін сақтап қалғысы келгенде, «араб әрпінен жасап алған әліпбиімізге жер жүзінде әліпби баласы жетпейді» деп [20, 28], «Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деген құр әурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу діні жоғалмай, жоғалмайды» деп [20, 59], дінімізді, Жаратушыға деген қазақ баласының сенімінің кәмілдігін алға тартты.
Сондықтан өзіміз де, ұрпағымыз да көзі ашық, көкірегі ояу, текті ел боламыз, тәуелсіз елміз, түзелеміз десек, ең алдымен, сол тізелуді сөзімізді түзетуден бастауымыз керек. Халқымызды тура жолынан тайдыруды нұсқаған, тегіне, түп-тамырына тартпаған, керісінше, оған балта шабу үшін құралған, даналығымыздың тұнығын лайлап, дініміздің еңсесін түсіріп, мұсылмандығымызға күмән келтіріп тұрған бірқатар бұралқы сөздерден арылуға асығуымыз қажет деп ойлаймыз. Олардың бірқатары мыналар:
1. Адай қазақ қорықса, «Бекет!» дейді, Бекет те айтқаныңды екі етпейді [6,167].
2. Адал деген молланың қойнынан алты доңыз шығады [10, 36].
3. Адамның қуы молда болар, жылқының қуы жорға болар [6, 172].
4. Азансыз молда болса да, қазансыз қатын болмайды [6, 177].
5. Ақ сәлделі қожадан ақ жаулықты қатын артық [4, 134], [12, 62], [18, 29].
6. Ақша молланы намазынан қалдырады [10, 38].
7. Ала шапанды молда да бір, ала қанатты сауысқан да бір, екеуі де арам ниет: жығылғанның қасында, өлгеннің басында [7, 305], [10, 43], [12, 63], [18, 30].
8. Алла кешірер, аруақ кешірмес [10, 40].
9. Алланың өзінен аты абыройлы [10, 35]
10. Аллаңнан ойбайым жақсы /тыныш [4, 133], [5, 169], [7, 45], [8, 45], [10, 34].
11. Алтын көріп періште жолдан тайыпты [4, 134] / Алтын көрсе періште жолдан таяды [6,191], [10, 39].
12. Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен / Әзірет сұлтаннан тіле [10, 36], [18, 25].
13. Ас ішсең атауыңды іш, ауырсаң мұрттай ұш [4, 150], [6, 202] (мақал емес, қарғыс).
14. Ата-анадан жар жақын, туысқаннан мал жақын [4, 62].
15. Аюға намаз/бас үйреткен таяқ, молдаға намаз үйреткен тамақ [4, 135], [10, 35], [11, 327], [12, 62], [18, 29].
16. Әкімменен араз болсаң, күнің жаман, молдаменен араз болсаң, дінің жаман [8,118].
17. Әлі жетпеген/келмеген ақыретшіл/Аллашыл [4, 171], [8, 134], [10, 37].
18. Әуелі қазы болды, соңынан қажы болды, ақырында алаяқтың өзі болды [10, 8], [11, 327].
19. Әулие де қасындағысын қолдайды [4, 133], [10, 34] / Әулие қасындағысын қолтықтайды [8, 45].
20. Басы аман, малы түгелдің, Құдаймен ісі жоқ [10, 34]. [18, 18].
21. Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ [6, 242], [10, 38].
22. Басы ауырып, балтыры сыздамағанның Тәңіріменен ісі жоқ [18, 20].
23. Дін қараңғы ін [9], [ 12, 63]
24. Екі молда/молла – бір кісі, бір молда/молла – жарты кісі [8, 46], [10, 35], [12, 63], [18, 28].
25. Екі тау қосылды десе нан, екі бұз ық түзелді десе нанба [8, 120].
26. Ескі мешітте есек азаншы [6, 293].
27. Ескі мешітке көкек азаншы, есі кеткен ауылға есек азаншы [18, 23].
28. Жаман сопы тобашыл, жаман адам табашыл [4, 134], [6, 304], [10, 43], [18, 29].
29. Жаны күйген/кейіген Құдайын/Тәңірін/Тәңірісін қарғайды [6, 304], [10, 37], [12, 62], [18, 20].
30. Жарлы болсаң, арлы болма [6, 317].
31. Жарлы болсаң, арлы болма, қарап жүріп сорлы болма [11, 320].
32. Жарымды алған құдайдың келіні мендей жыласын [10, 43], [12, 63].
33. Жегенін білмейтін – шұнай, жұтқанын білмейтін – құмай, алғанын білмейтін – Құдай [10, 39].
34. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады [6, 339].
35. Жүрік атқа мінген Құдайын ұмытар [18, 21].
36. Кедейшілік есіктен кірсе, иман терезеден шыға қашады [10, 37].
37. Көкте Құдайдың әлі келмейді, жерде құмайдың әлі келмейді [10, 40].
38. Күштіде тәңірі /Тәңірі жоқ [4, 133], [8, 44], [12, 62], [18, 19].
39. Қалтаң құр болса, молда саңырау [18, 30].
40. Қарға көргенін шоқиды, молда білгенін оқиды [12, 62] / Молла білгенін оқиды, қарға көргенін шоқиды [4, 134], [10, 43].
41. Қарғыстан кісі өлмейді [4, 45], [8, 45].
42. Қарғыстан өлген кісінің моласын көргенім жоқ [10, 34].
43. Қожа, молда елді аздырар/аздырады, қурай, құмай жерді аздырар/аздырады [7, 304], [18, 28].
44. Қожаның көңілі құртқа шабады, көжесінің қатығы жоқ [18, 29].
45. Қорыққан молда мешіттен ұзамайды [18, 28].
46. Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас [10, 41].
47. Құдай емес, Құдайдан былай да емес [10, 39].
48. Құдай көгін билесін, жеріме менің тимесін [4, 133], [12, 63].
49. Құдай қарғысынан халық қарғысы қаһарлы [12, 63].
50. Құдайға жазсаң жаз, көпке жазба [12, 63].
51. Құдайға сенемін деп жолыңнан қалма [18, 18].
52. Құдайға қолым жетсе, Пайғамбарыңды ұрғаным бар ма? [10, 35]
53. Құдайдан қолың босаса, ауылыңа қарай тайраңда [10, 39].
54. Құдайдың өзіне дұға үйреткендей [18, 29].
55. Құлқуалламен қойды құртты, ассалаумен асты құртты, енді жан-жағын қармауды шығарды [10. 43].
56. Құнарлы жерде бұқа семіреді, Құранды жерде молда семіреді [18, 29].
57. Май – әулие, майсыз жарылқайтын қай әулие [4, 134], [9], [10, 42], [12, 63].
58. Мен Алланың ала танасын ұрлаппын ба? [10, 43]
59. Молда ашықша, базар кезеді, сопы жұтаса мазар кезеді [18, 30].
60. Молда/молла өзін бір алдайды, өзгені екі алдайды [7, 305], [10, 35], [11, 327], [12, 62], [18, 30].
61. Молдадан хат қалады, жақсыдан зат қалады [18, 29].
62. Молдаларға/Моллаларға мал қайғы, момындарға жан қайғы [7, 306], [10, 43], [12, 62].
63. Молданың сәлдесі ақ болғанмен, ниеті қара [7, 304], [12, 63], [18, 30].
64. Молданың істегенін істеме, айтқанын істе / Молданың қылғанын қылма, айтқанын қыл [18, 30].
65. Молла арбап алады, саудагер алдап кетеді [10, 8].
66. Молланың қарны бесеу, оның біреуі әрдайым бос тұрады [10, 38].
67. Мың күн/гі жұмақтан, бір күн/гі тірлік артық [4, 45], [10, 34] / Мың ұжмақтан – бір күн тірлік [12, 59].
68. Надан молда намазқой [9], [12, 62], [18, 29].
69. Надан молла пеш қадам [10, 43].
70. Ораза-намаз тоқтықта, аштық ұрған молланың сәлдесі қалар боқтықта [10, 42].
71. Ораза-намаз тоқтықта, құйрығын қысар жоқтықта [11, 327].
72. Ораза-намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта. Қарны ашқан молданың сәлдесі қалар боқтықта [18, 23].
73. Осы құдай қайда? Молланың көңілі майда [10, 43].
74. Өзің құдай болмаған соң, көрген күнің құрысын [10, 39].
75. Өлейін деп өліп бара жатқаным жоқ, молдадан ұялғаннан өліп бара жатырмын. [18, 30].
76. Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді [18, 29].
77. Пайғамбардың қасында шадияр кісі ме? [19]
78. Періштенің де бес міні бар [19]
79. Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен [6, 306], [10, 43], [12, 63], [18, 30].
80. Сен Құдайға жеткенше, мен үйге жетем [4, 45], [8, 45] / Сен Құдайыңа жеткенше, мен ауылға жетермін [10, 36], [12, 63], [18, 17]
81. Соқыр молла, білгенін шатып-бұтып оқыр молла [10, 43].
82. Сопы сұмнан шығады [4, 134], [7, 306], [12, 63], [18, 30].
83. Сопы үгітшіл келеді, молда үмітшіл келеді [18, 30].
84. Сорлының тамағын дүмшенің «Біссімілласы» тауысады [18, 31].
85. Сұм қартайса сопы болады [10, 8], [11, 327].
86. Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын [4, 26], [5,140], [6, 471], [8, 67]
87. Тай жаманы – жорға, адам жаманы – молда [7, 306].
88. Тана пайда бермесе, Тәңірі пайда бермейді [4, 90], [12, 63].
89. Танысаң – адаймын, танымасаң – Құдаймын [ел аузынан].
90. Тау тауға қосылады десе нан, адам пиғылын оңғартты десе нанба [8, 158].
91. Тентек молда/молла – телмірген өгіз [8, 46], [10, 35], [18, 31].
92. Ұра берсең, Құдай да өледі [4, 133], [10, 39], [12, 17].
93. Мүләйімсіген молдадан қаш, ала шұбар жыланнан қаш [18, 30].
94. Хамза бар, не қам бар? [18, 25].
95. Шешемнің өлетінін білсем, бір қап кебекке сатып жіберетін едім ғой [6, 541].
Бұл қатарды әлі де тақырыпқа қатысты барлық әдебиет көзінен тіркелген «мақал-мәтелдердің» толық тізімі деуге болмайды, бұлардың бас-аяғын түгелдеп, көз көрмес, құлақ естімеске жоқ етуіміз керек. Себебі, бұлардың бірде-біреуінде даналық жоқ, кейбірі, мәселен, 93-ретпен тіркеліп тұрған «Ұра берсең, Құдай да өледі» деген cөз – ақыл-есі орнында емес адамның сөзі, ал соңғы (95) «Шешемнің өлетінін білсем, бір қап кебекке сатып жіберетін едім ғой» деген сөз – даналыққа бастамақ түгілі, кісі шошырлық, мұсылман тұрмақ кәпірдің жаны түршігетін нәрсе. Сөз жоқ, мынадай бұралқы сөздің бәрі халықты түп-негізінен адастыру үшін жұмсалады, онсыз да тура жолын таба алмай жүргендер болса, соларға «сыныққа сылтау» болу қызметін атқарады. Бұл тұрғыдан бұлар өз фунцияларын бұлжытпай орындап та келеді. Бірақ Алла Тағала сенім артқан ақыл иелері мен ғылым берілгендерге соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұрған анық нәрсе бар, бұл – мынадай сөздерді мақал етіп халықтың даналығына балау былай тұрсын, бір рет ауызға алудың өзі – үлкен күнә. Алла Тағаланы танымаған кісі, оған серік қосу дегеннің не екенін, молданың, басқаның кім екенін қайдан білсін? «Адам аласы ішінде» дегендей, мүмкін өз кезінде «молда» атын нәпақа табу үшін ғана жамылған аз-кем мысалдар кездескен болса, бұл жаппай солай болды және болып жатыр деген сөз емес, тұтас қаралау сөзінің салмағы өте ауыр. «Кімде-кім діндар адамның күнәсін жасырса, бұл өліп қалған сәбиді тірілткеннен жақсырақ» [2, 72] деп келетін және «Алланың қатты қаһарына жолығатын жан – арам пиғылды ғұлама дін иесі» деп келетін, олардың қандайына болмасын, ниетіне қарай пенде ретінде кешіріммен де қарауға болатынын және жазаның ең ауыры күтіп алатынын да ескертетін хадистер бар екен [2, 73].
Келтірілген әрбір «мақалдың» мәнін жеке-дара ашып, мұндайды айту не себепті күнә болатынын түсіндіруге де болады, бірақ қазіргі көпшілікте діни сауат бар, көп адамдар бұларды естісе, не көрсе, «астағфирулла» деп жатады. Сол себепті әрбіріне жеке түсіндірменің артық болуы да мүмкін, ал анығын білгісі келген кісі нені болмасын анықтайды.
«Халық айтса қалт айтпайды» деп, «бұл халықтың сөзі» деп табан тіресетіндер де табылатын болар. Қалай болғанда да, бұлар заманы кеткен, тозығы жеткен мақал-мәтелдер болып (бұларды мақал-мәтел деп атаудың өзі де қиын екен), қолданыстан шығуға тиіс. «Мақалдың азығы бар, тозығы бар, білместікпен айтылған сөзден сақ болайық» [13, 344] деген Абай «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейді отыз жетінші сөзінде. Ендеше, жөн білмегенді жөнге салудың ебін іздейік. «Қазанға түскен қапқа түспес» дегендей, хатқа түскеннің де қайтымы қаншалықты қиын екенін білеміз, соған қарамастан ендігі жерде мұндай бұралқы сөздерден арылуға күш жұмылдыруымыз керек. Бұлар бұған дейін көп таралып кеткендіктен, тіпті ендігі шығатын мақал-мәтелдердің жинақтарында мынадай мақал-мәтелдерді қолдануға (мәселен, мүфтият, не министрлік тарапынан) тыйым салынады деп, оларды тізіп көрсету де қажет болар деп ойлаймыз. Ал кітапханаларда қолданыста жүрген жинақтардың ішіне «Қосымша» енгізіп қоюға болады.
Қазақтың мақал-мәтелдерінің арасына мұндай келеңсіз көріністің еніп кетуіне мынадай себептер болуы мүмкін:
1-себеп. Кеңес дәуіріне дейінгі жалпақ даланың мұсылманшылықты біртегіс ұстанбауы;
2-себеп. Кеңестік дәуірдің ұзақ уақыт бойы атеизмді насихаттаған саясатының әсері;
3-себеп. (Бірінші және екінші себепке орай) Мақал-мәтелдерді жинақтап, құрастырушы ғалымдарымыздың көпшілігінің шариғи сауатының жетіспеуі;
4-себеп. Қазақ қазақ болғалы, яғни әлімсақтан (әлмиссақтан) мұсылман саналатын қазаққа діні бөлек дұшпандарының жасап келе жатқан және күні бүгінге дейін созылып жатқан қаскөйлік (миссионерлік) қарекеттерінің нәтижесі;
5-себеп. Тәуелсіздіктің өткінші кезеңінде қалтаның ғана қамын ойлау мақсатымен мақал-мәтел деген кітаптардың ішін не болса солмен толтыру керек болған немқұрайлықты да себептер қатарына қоспасқа лаж жоқ.
Бірінші себепке түсіндірме. Бұл қай елге болмасын тән құбылыс, халқының басым көпшілігі ұстанатын дінді бәрі біртегіс 100 пайыз ұстанып жатпайды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегенге «Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны» деп Абай діннен сауаты жоқ болған біреудің қанқу сөзінің мақал болып тарап кеткеніне жаны күйеді. Абайдан небары 10 жыл бұрын туған Шоқан Уалиханов «Әзірше мұсылманшылық біздің қанымыз бен жанымызға ене қойған жоқ. Оның келешекте халықты бөліп-жарар қаупі бар» деп жазады [14]. Оның еңбектерінен өзінің де мұсылмандықтың байыбына бара алмағандығы байқалады. Тарихтың сол тұсында Шәкәрім «Иман да сол, дін де сол – Адаспайтын айқын жол», «...Жүректің сөзін Құран қыл» деп, Ыбырай «Бір Аллаға сыйынып, кел балалар, оқылық, ... Істің болар қайыры бастасаңыз Алдалап» деп ел жұртты, балаларды бір Алланы танып біліп, ілім-білім іздеуге шақырып жатты. Сол тұста жасындай жалт етіп ұлтын сүйіп, әділдік, теңдік деп зар илеп С.Торайғыров молдадан ілім алса да, Абайды оқыса да, дін – ежелгі надандықтың кесірі, жұмақ, тозақ дегенді кім көріпті, оның бәрі молданың өтірігі деп (егер еңбектері бұрмаланбаған болса – Н.Р.), «Адасқан өмірін» аяқтап, өте шығады. Бірақ оның ежелгі деген сөзінен де біздің қазақтың осы хақ дінді ежелден ұстанып келе жатқандығы көрінеді. «Қобыланды», «Алпамыс» тәрізді эпостық жырларымыздың «Кешегі/Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда» деп басталатынын,
«...Лә иләһәда пайда бар,
Білмеген жанға не айла бар?
Барар жерің қараңғы
Шамшырағыңды сайлап ал...» деп келетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бесік жыры болып айтылып келе жатқан тағылымды да көзі ашық екі қазақтың бірі біледі деуге болады.
Хикмет (терең білім) берілгендердің уағыз, насихаты өз алдына, әлгіндей Алла Тағаласын танып білмеген бейбақтардың аузына кім қақпақ болған, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап кете барған жағдайлар жоқ емес.
Екінші себепке түсіндірме. Халық даналығы, даналық болғандықтан ол мақал-мәтел бола ма, нақыл сөз, шешендік сөз, өсиет сөз, көсем сөз бола ма, олардың араларында бір-біріне үлкен керағарлық болуға тиіс емес, керісінше, жалпы есепте өзара үндестік болу керек. Біздің жоғарыда келтірілген «мақал-мәтелдеріміздің» мазмұны мен өз ғұлама, даналарымыздан жеткен дүниетаным арасы мүлдем алшақ. Сондықтан бұлардың көпшілігінің жолдан қосылған жасанды «мақал-мәтелдер» екені өздігінен түсінікті бола қалады. Біздің «қара тізімге» алып отырған «мақал-мәтелдерімізден» діннен безу, Жаратушыға тіл тигізу, серік қосу, дінді ұстанғандар мен оны насихаттаушыларды жек көру, соған сай оларды мазақ-мысқыл ету ғана байқалады. «Олардың кектері аузынан-ақ көрініп тұр» делінеді қасиетті Құранымызда (Әли Ғымран сүресі, 118-аят). Ал діндарлықты осыншама жек көру қайдан шықты? Елдің атеизмді ұстанған саясатына қарай «теріс» оқытудан, «Дін – апиын» деген ұраннан шықты. Жөн білгендер «халық жауы» болып жөніне кетті. Тектіні тексіз тілдеген теріс заман орнап, өзге емес, өзімізден шықты. Білімнің қалай жоғалатыны жөнінде бізге Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мынадай сахих хадис жеткен екен: «Расында, Аллаһ пенделерінен білімді тартып алмайды, бірақ білімді ғұламаларды алу арқылы жояды. Ол бірде-бір ғұламаны (тірі) қалдырмаған кезде адамдар білімсіз надандарды өздеріне басшы етіп алады. Сөйтіп, оларға сұрақтар қойылса, білімі болмаса да, пәтуа шығарып, нәтижесінде өздері де адасады, өзгелерді де адастырады» [1, 49].
Тіл – жұмыс істеп тұрған тірі ағза болғандықтан, 70 жыл тұрмақ, 7 жылда да бірқатар өзгерістерге ұшырап кетіп жатады. Бірінші себептің де салдарын жоққа шығармаймыз, дегенмен де Абайдың «Жиырма тоғызыншы сөзінде» мақалдар сынға алынып жатқан тұста біздің бүгінгі «қара тізімге» іліккен «мақалдарымыз» бар болғанда олардың Абайдың құрығына түспей қалуы мүмкін емес еді, сондықтан бұл бұралқы сөздердің басым көпшілігі ХХ ғасырда, әсіресе Кеңестік идеологияның қызыл туы астында пайда болды деуге негіз бар деп ойлаймыз.
Үшінші себепке түсіндірме. Сонымен, Кеңес дәуіріне дейінгі даланың мұсылманшылықты біртегіс ұстанбауы бар, атеизмді насихаттаған Кеңестік саясат бар, бұлар, тиісінше, өзіне тән зерттеушілерді даярлады. Әсіресе, балабақшадан бастап, мектеп, жоғарғы мектептің барлығы баланың миына материализмді құйған Кеңестік идеология өзінің мол жемісін берді. Сондай саясаттың ұранын ұрандап өсіп, сүйегі қатайып кеткен мақал-мәтелдерді құрастырып, жинақтаушылардың шариғи сауатының жетіспеуінен, кейде тіпті исламның негізгі қағидаларынан да хабары болмағандықтан, халықтың түп-тамыры, болмыс-бітіміне, бағыт-бағдарына қайшы келетін, дініміздің дұшпандарын қуантып, айызын қандыратын небір «деректердің» хатқа түсіп, кітапқа еніп кетіп жатқанын байқамауы да – заңдылық. Байқаған күнде де «бұл – халықтың сөзі, оны өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ» деген ұстанымда болуы мүмкін. Бұл ұстанымды жөн ұстаным делік, дегенмен де, Алла Тағаланың сөзі – Құраннан жоғары ғылым жоқ екенін, халықтың даналығының көбіне көп Алланың және Оның елшісінің сөзіне – хадистерге негізделетінін, оны бұзып-жарып кететін сөздердің зор шектен шығушылық болатынын білген зерттеуші қолына түскен материалдың керегін алып, керек емесін қалдырып, іріктей жұмыс істей білген болар еді.
Қазақ мақал-мәтелдерін қағаз бетіне түсіріп жинақтаушылардың алғашқысы Ш.Уәлиханов болғанымен, беріге дейінгі жинақтаушылардың қатарында өзге дін өкілдерінің де, миссионерлердің де бар екенін білеміз (Қажеттілік жағдайында алдағы уақытта олардың да еңбектерін тауып саралап шығуға болады).
Барлық жерде, ғылымның барлық саласында діни сауатты алға тартуымыз қажет. Мұның ғалымға да, халыққа да екі дүниеде қайыры бар. Діни сауаттың жетіспеуінен кей мақал-мәтелдеріміздің түсіндірмесін бере алсақ, кейбірінің түсіндірмесін жеткізе алмай жататын жағдайларымыз да жоқ емес. Ағылшындардың мақалдарына тиісті орындарында "biblical quotation" (Библиядан алынған) деген сілтеме беріліп отырады. Біздің де «Сыбырлағанды Құдай естімейді дейсің бе?», «Аманатқа қылма қиянат», «Біріккен жүз, бытыраңқы мыңды алады», «Қарыздарда иман жоқ», «Күмән иманды қашырады», т.б.с.с. толып жатқан мақал-мәтелдеріміздің қасиетті Құраннан, хадистерден бастау алатынын көрсетіп отыруымыз – міндет.
Төртінші себепке түсіндірме. Жоғарыда келтірілгендей «қисық» сөздің барлығын жиып-теріп «мұсылмандықтың сиқын қараңдар» деп, өз зерттеулеріне молынан материал тауып жатқан миссионерлер қаншама. Өз тәжірибемізден де мысал алсақ болады. Бірде америкалық Eric Aasland есімді миссионер «мен қазақтың мақал-мәтелін зерттеп жүр едім, маған қандай көмегіңіз бар?» дегенде, ол кісіні қазақта осы саланы тереңінен зерттеп отырған үлкен академик бар, сол кісімен таныстырайын деп Ә. Қайдар мырзаға алып келген болатынмын. Академик америкалықпен қазақша әңгімелесіп, оған өзінің «Халық даналығы» деген үлкен еңбегін ұсынды. Әлгі америкалық біраз уақыттан соң маған қайтып келіп, мына «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады» деген мақалдың мағынасын қалай түсінесіз деп, Ә. Қайдардың кітабын ашып көрсетіп тұр. Мен: «Бұл дұрыс мақал емес, өзіңіз ойланып қараңыз, маған біреу қатты-қатты сөйлесе, мен дінімнен шығып кетемін бе, мен біреу өлтірсе де дінімнен шықпаймын» деп түсіндірдім. Осы есімі аталған миссионер сөйтіп жүріп бүгінгі күнгі халқымыздың 100 пайыздық сауаттылығы жағдайында (көзімізді бақырайтып қойып дегендей), Ерік (Eric – өзі) және Күміс (Kim – жұбайы) Аасландтардың «Қазақтың көне-жаңа ертегілерінің бүгінгі өмірде тоғысуы» деп аталатын бұлыңғыр атпен бұралқы еңбегін жарыққа шығарып үлгерді. Авторлар пікір сұраған болатын, қазақты жолынан адастыратын, дінінен, әдет-ғұрпынан бездіретін мақсатты ұстанған миссионерлік еңбек екендігін дәлелдеп, «Жалын» журналының 2009ж. 12-санындағы «Халық ауыз әдебиетіне ауыз салғандарға ауыздық қайда?» деген мақаламызда еңбекті аяусыз сынап, ойымызды ашық баяндадық.
Миссионерлердің мақал-мәтелді зерттегенде сұрамайтын нәрсесі жоқ. «Неге жігітті намыс өлтіреді?», «Неге қоянды қамыс өлтіреді?» – деп барлығын сұрайды. Олар қазақ тілін АҚШ-та (өздерінің діндеріне кіріп кеткен қазақтардан) үйреніп келіп, қазақтың фольклорын зерттейміз деген желеумен оны-мұны шатып, өздерінің түпкілікті мақсаттарын іске асырудың амалдарын талмай іздеп, бірде-бір мүмкіндікті мүлт жібермейді.
Бұрын дініміздің дұшпандары мынаны Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) айтты деп, хадистерді қалай бұзған болса, дәл сол ниеттегі амалдар қазіргі күні тыйылды деуге болмайды. Құран мен хадистерді бұзудан жеңіліп, енді халық ауыз әдебиетін бұрмалауға, одан қандай да шикілік табуға, табылмаса оны қолдан жасауға бар күшін салып, мол қаржысын да бөліп келеді.
Бесінші себепке түсіндірме. Кез келген толыққанды қазақ саналатын білімді азаматтың аузынан қазақтың мақал-мәтелдері деген кітаптарын оқып отырғанда «мынадай да мақал болады екен-ау» не болмаса, «мынауың мақал емес қой» деген сөздерді айтып жатқанын естіп қалып жатамыз. Мұқабасында мақал-мәтел деп жазылған кітаптың ішінде идиомалар да, афоризмдер де, мақал-мәтелге жатпайтын түрлі-түрлі лексикалық бірліктер де кездесіп жатады. Кейде тіпті мәні-мағынасы жоқ «Ит опа, қатын қапа» [8,151], «Күлген күле жетер, артынан қуа жетер» [8,156], «Адасқан жігіт жол таппас» [8, 25], «Ебептен себеп, балшықтан мұрат» [8, 25], «Құс жаман (осылай жазылған – Н.Р.) шажа, дос жаманы бажа» [8, 88], «Қауіп қайдан болса, қатер содан» [4, 122], «Ай жарық, қоян арық» [4, 164], «Келме кезек, терме тезек» [4, 124], [7, 185], «Алыс-беріс қолынан, шығарып қояр жолынан» [7, 187], «Ақша сіздікі, мал біздікі», «Көктем, көктен нұрын төккен» [10, 143] деген тәрізді бос сөздер де қалмай, ілесіп жүреді.
Бұл немқұрайлықтың ішінде көпсөзділікке бой алдырған мақалдарымыз қаншама. «Бір сөзбен түй түмен сөздің түйінін» демей ме Ж. Баласағұн. Оның ішінде ұйқасын, ырғағын жоғалтқан, соның нәтижесінде әсерін жоғалтқан сөздер, толып жатқан грамматикалық, орфографиялық қателер де кезігіп жатады (толығырақ мағлұматты қараңыз: Н.Р. Баспа мен баспасөзге сөз. "Ана тілі" газеті. – №26, 2004)
Екінші және төртінші себептерге қатысты мына жайды да айтып кетуге тиіспіз. Кеңестік саясаттың салдары көркем әдебиеттің аудармасында да көрініс тауып жатты. Мәселен, І. Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи этнографиялық трилогиясының орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларында автор қолданған мақал-мәтелдердің бірі аударылса, бірі аударылмай, кейбірі бұрмаланып кеткен болатын.
Мағынасы бұрмаланған мақалдардың бірін мынадай мысалдан көруге болады. «Арғымақ өлсе құлын бар, әкесі өлсе ұлы бар» [15, 208] деген мақалдың орысшасын аудармашы (М. Симашко) «Умирает аргамак, но останется тонконогий жеребенок, который растет и скачет все дальше и дальше в степь» [16, 197] деп береді, бұл өзгертудің мәні түсінген кісіге тым тереңде жатыр. Ал орысшадан аударылған ағылшыншасында [17, 210]: "An antelope dies, but its spindly legged the calf remains, grows up and runs further and further into the steppe" деп далаға кететін болса мұның үй жануары емес, түз жануары болғаны дұрыс болар деп, аудармашы (О. Чоракаев) жылқы орнына киік тектесті алады. Түпнұсқада беріліп жатқан Ақсопы бидің елді бірлікке үндейтін шешендік сөздері болатын. Аудармалардан өз есебін күйттеп ондай даналық сөздер жоғалады. Мына мақал қазақ әулетінде әкесі өлсе ұлы орнын басып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан шаңырақ жалғастығының «заңы» осылай сақталатынын айтып отырса, аудармада құлын беті ауған жаққа кетеді деп бұрып, "Разве не по тем же законам живем мы, казахи?" [16, 197], «Don't we Kazakhs live by the same laws» [17, 210] дегенді тағы ойдан қосып, «өз заңдарын» қазаққа таңып, шегелеп береді.
Шығарманың орысша, ағылшыншасында мүлдем аударылмаған мақал-мәтелдер де бар, олар: «Көппен келісіп пішкен тон келте болмас» [15, 319], "Ет бұзылса тұз себерсің, тұз бұзылса не себерсің?" [15, 351], "Өгізге туған күн бұзауға да тумай ма?" [15, 343], "Күштің арты диірмен тартады" [15, 539], "Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды" [15, 99], «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» [15, 240], т.с.с. (толығырақ мағлұмат алу үшін қараңыз: Н.Р., А.Р. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трил.-ң ор. және ағ. тт.-гі ауд.-да кей мақ.-мәт.-ң берілу жайы. Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ „Хабаршысы", – № 1 (55) Түркістан, 2006)
Бұдан бұрынғы зерттеулерімізде аталған трилогияның орысша нұсқасынан 30 тілге аударылып таратылғанын, онда қазақтың діні, даналығы, барлық болмыс-бітімі, ханы мен қарасы түгелімен Кеңестік Кремль тұсындағы саясаттың қалауынша қайта жасалып шыққандығы жөнінде айтылып келеді. Бұлар – қазақтың өзгеге өзіне сенгендей сенетін сенгіштік қасиетінен рухани соғыста жеңіліп, есесін жіберіп алған тұстары. Рухани соғыс – бір сәтке де тоқтамайтын, болып жатқан соғыс, ондағы кеткен есені қайтару қазақтың өзінен басқа ешкімге міндет емес. Түзеймін деп келгендер тек қана күзейді.
Ойды қорытсақ, қандай озық тәжірибеге жүгінсек те, жер бетіндегі ешбір халықтың өз дініне нұқсан келтіретін бір нәрсені мақал-мәтеліне қоспайтынын көреміз. Шын ақыл иесі үшін барлық нәрсенің бастауы – дін, діннен басталады, дінмен жүреді, дінмен аяқталады. Конституциясы дін бостандығын ұстанатын АҚШ-ты қараңыз, өз Ата заңына қайшы келетініне қарамастан, «In God we trust» – «Біз Құдайға сенеміз» деп ақшасына, «And this be our motto: "In God is our trust" – «Біз Құдайға сенеміз, бұл – біздің ұранымыз» деп әнұранына жазып, оны ресми ұраны етіп жариялап, шарықтатып шырқап, ашықтан-ашық бүкіл амал-әрекетін осы ұранмен іске асырады. Бізге де бұл тәжірибеден алатын сабақ жоқ емес.
Біздің Құранымызда «Сендер, адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаһқа сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар. Ал егер кітап иелері иман келтірсе еді, әлбетте, олар үшін жақсы болар еді. Олардан иман келтіргендер де бар. Олардың көбірегі бұзақылар" (Әли Ғымран сүресі, 110-аят) деп нұсқайды Жаратушы Иеміз. Біз қалай игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыямыз? Ел аузын білместікпен айтылып жүрген күнәдан тыю қолымыздан келер ме екен, келмес пе екен? «Халық аузына қақпақ қойып болмас» [12, 9] дейтін мәтеліміз де бар екен. Бұл рас. Халықтың аузын бір Алладан өзге ешкім аңди алмайды. Сол Алланың Өзіне жүгінсек, «...Күдіксіз намаз, арсыздықтан, жамандықтан тыяды..." (Ғанкабут сүресі, 45-аят) дейді. Демек, тығырықтан шығаратын бірден-бір жол – елдің шариғи әлеуетін көтеру жолы болып қалады. Бұл жол адамзатты күнәнің барлық түрінен тыяды.
Сөз басында Құранға, хадиске және халық даналығына негізделген әдеп-тәртібіміз бар дедік. Құран мен хадис Алланың және Оның елшісінің сөзі болғандықтан, сан мыңдаған жылдар өтсе де ескірмейді, керісінше, уақыт өткен сайын жаңа қуаты танылып, жандана түседі. Алланың Өзі де, Өзінің қорғауына алынған Сөзі де мәңгілік. Басқаның бәрі түгейді. Ал ауыз әдебиетінің халық даналығы саналатын мақал-мәтелдері бірі жұмаққа, бірі тозаққа кетіп жатқан пенделердің сөзі, ол өзгертуге болмайтын Құран, не хадис емес. Нақтылап айтқанда, олардың Құран мен хадиске қайшы келетін тұстары түзетілу керек деп есептейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Имам Әбул-Аббас Ахмад ибн Абдул-Латиф әз-Зубәйди. Сахих әл-Бұхари. / Ауд. Қ.Спатай. – Алматы: «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2009 – 922 б.
2. Мұхаммед Пайғамбардың өсиет хадистері. Жинап, құраст.: А.Бекжігіт, Ы.Әкімжан. – Шымкент: «Азиат» – 2005. - 96 б.
3. Әлімбаев М. Халық – ғажайып тәлімгер. – Алматы: «Рауан», 1994. – 144б.
4. Қазақ мақал-мәтелдері. Құраст.: Ө. Тұрманжанов – Алматы: «Ана тілі», 1993. – 176 б.
5. Қазақ мақал-мәтелдері. Редактор және құраст.: А.Е.Ментебаева - Алматы: «Олжас кітапханасы» баспа үйі, 2012. – 172 б.
6. Қайдар Ә. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). Алматы: «Тоғанай Т» баспасы, 2004. – 560 б.
7. Қазақтың мақал-мәтелдері. Құраст.: Смаилова А.Т. Алматы: «Көшпенділер», 2002 – 312 б.
8. 1001 қазақ мақал-мәтелдері. Құраст.: Ж. Малайсарин. Алматы: «Ана тілі» баспасы, ЖШС, 2006/2011 – 184 б.
9. http://www.kuttybolsyn.kz/684-dn-turaly-maal-mtelder.html
10. Қазақ мақал-мәтелдері. Жинап, құраст: Ө.Тұрманжанов, К. Ахметбекұлы. – Алматы: «Қазақстан», 2008. – 208 б.
11. Қазақ мақал-мәтелі. Жинап, құраст: Ө.Тұрманжанов. – Алматы: «Жазушы», 1980. – 352 б.
12. Қазақ мақал-мәтелдері. құраст: М. Аққозин. Алматы: «Қазақстан», 1990. 288 б.
13. Абай. Энциклопедия. Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.
15. Есенберлин. І. Көшпенділер. Алматы.: Ілияс Есенберлин ат. қор. 1998. 581 б.
16. Есенберлин И. Кочевники. Алматы.: Фонд им. Ильяса Есенберлина. 1998. c. 533.
17. Yesenberlin Ilyas. The Nomads. Almaty.: The Ilyas Yesenberlin Foundation. 2000. 559 p.
18. Қазақ мақал-мәтелдерінің АЛТЫН КІТАБЫ (8675 мақал-мәтел, құраст.: Ж.С.Кейкін). – Алматы: «Аруна» баспасы, 2014 – 632 б.
19. https://www.zharar.com/kz/makal/7140-din.html
20. Алаштың тілдік мұрасы: Мақалалар жинағы. / Құраст.: С. Шүкірұлы, Е. Тілешов. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы. 2009. – 364 б.