Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Барлығы өтірік… Маған көрсеткен жоқ»: БАӘ-де қаза тапқан Ақжан мен Жұлдыздың әкесі бар шындықты айтты (ВИДЕО)

09:55, 01 қыркүйек 2026

Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың денесі туған жеріне жеткізіліп, Астанада жерленді, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов Әмірлікке арнайы барып, мәйітханада болып, өлімге қатысты тиісті құжаттармен танысқан. Оның айтуынша, БАӘ құзырлы органдары тергеу аяқталмағандықтан бастапқыда мәйіттерді бергісі келмеген.

«Қыздардың денесін ДНК-мен ғана алғызды. Қыздарды маған көрсеткен жоқ. «Сот әлі біткен жоқ» деді. Елшіліктің жігіттері көмектесіп, елге жеткізуге бар күшін салды», – деді Мейрам Боханов.

Қайғыдан қан жұтқан әке әлеуметтік желілерде қыздарының өліміне қатысты тараған сыбыстардың шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Мәселен, марқұмдардың «біреудің үшінші немесе төртінші әйелі болғаны» туралы әңгімелер де, желіде суреті тараған ер адамның қылмысқа қатысы бар деген ақпарат та ресми түрде дәлелденбеген.

«Желіде шығып жатқан ақпараттың барлығы өтірік. Ешкімге сенбеңіздер, ешқандай қинап өлтірмеген. "Пышақтап өлтірді "деп жатыр, мен жаңа өзім ашып қарадым. Сондай қалай өлтірілген? Енді қалай өлтірілгенін білмейміз ғой, «жүрегі тоқтаған» дейді. Ешқандай құрал пайдаланбаған. Қағаздарын, барлығын көрдім», – деп атап өтті марқұмдардың әкесі.

Сондай-ақ телеарна сюжетінде бұл іс бойынша Қазақстан азаматы ұсталғаны айтылды. Қылмыстың нақты мән-жайы мен күдіктінің кінәсін тергеу орындары анықтауы тиіс.

Бохановтар отбасы марқұмдардың атына негізсіз қауесет таратпауды өтініп, қиын сәтте қолдау білдірген Қазақстан азаматтарына, Сыртқы істер министрлігіне және елшілік қызметкерлеріне алғыс айтты. Қазіргі уақытта ҚР СІМ мен БАӘ-нің құзырлы органдары оқиғаның анық-қанығын анықтау жұмыстарын әлі де жалғастыруда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар