Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы партиялар фракциялары жетекшілерінің пікірін ескере отырып, Үкімет басшысы лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Alash.kz.
– Ол – мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді. Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істелуі керек. Жалпы, еліміздің Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтуға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерді бәріміз бірге ойдағыдай, сәтті шешуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Вице-Президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасы, Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасы депутаттардың басым дауысымен қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Вице-Президент және Премьер-министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды қолдағаны үшін Құрылтай депутаттарына ризашылығын білдірді.