Вице-президент қызметіне тағайындалған Ерлан Қарин Құрылтайдың жалпы отырысында жаңа конституциялық реформалардан кейін мемлекетте басталған тарихи өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Жаңа қызметте алғаш рет сөз сөйлеген Ерлан Тынымбайұлы еліміздің барлық саласында ауқымды әрі терең өзгерістер жүріп жатқанын тілге тиек етіп, «Қазақстан мүлде жаңарған, жаңа елге айналғанын» атап өтті.
Оның айтуынша, бұл оң реформалардың жемісін отандастарымыз өз көзімен көріп, сезініп отыр.
Сондай-ақ саясаткер өз сөзінде халықты ынтымақтастыққа шақырды. Ерлан Қарин:
«Қадірлі халқым, жаңа Конституциямен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды. Ендігі мақсат – жаңа Конституцияның құндылықтарын қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру. Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдер мен жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Яғни, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің бастамаңызбен елде болып жатқан оң өзгерістер отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың осындай ауқымды жұмыстарға араласуына жол ашып отыр. Осы тарихи сәтте барша ел азаматтарын Президентіміздің айналасына топтасып, жұмыла жұмыс істеуге шақырамын», — деп мәлімдеді.
Бұдан кейін Вице-президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы алғыс білдіріп, ел болашағы үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді. Ерлан Қарин:
«Сіздің қолдауыңыз бен сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдым. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбегімді аямай, бар күшімді салуға уәде беремін», — деді.