17 қыркүйекте Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы сарбаздың денесі табылған еді. Марқұмның ата-анасы ұлдарын тану үшін арнайы өңірге барды, деп хабарлайды Аlash.kz.
Дінмұхаммед Шынарбек 2006 жылы Шымкентте дүниеге келген. Ол егізі Даниялдан 20 минут кейін өмірге келген. Әкесі баласының еңбекқор әрі әрқашан қолғабыс жасауға дайын екенін айтады.
“Ұлым кішкентайынан қасымнан бір елі қалмайтын. "Әке, көмектесейін бе?" деп әрдайым сұрайтын. Сондай баланың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес”, – дейді әкесі.
Былтыр күзде әскерге алдымен Даниял аттанған. Артынша Дінмұхаммед те шақырылып, екеуі Отар гарнизонында қатар қызметін бастаған. Алайда ант қабылдағаннан кейін ағайындыларды екіге бөліп жіберген. Дінмұхаммед Мәтібұлақтағы №01 098 әскери бөлімге ауыстырылды. Қайғылы жағдай дәл осы бөлімде болған.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, отбасыға алғашында әртүрлі ақпарат жеткен. “Біресе Отарда, біресе Қордайда, артынша Алматыда деді. Соңында ғана: "Ұлыңыз асылып қалған" деген хабар келді”, – дейді ол.
Сот-медициналық сараптама қорытындысында өлім себебі – асфиксия, яғни тұншығу деп көрсетілген. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Дегенмен отбасы бұл нұсқаға сенбей отыр. “Мүмкін, оны өлтірген соң асқан шығар”, – дейді әпкесі күмәндана сөйлеп.
Марқұмның анасы көз жасын әрең тежеп, ұлының туған күнін еске алды. 29 тамызда Дінмұхаммед 19 жасқа толған екен.
“Бірнеше күн бұрын телефон соғып, "Отарда туған күнді атап өтейік, келші" деді. Бірақ бара алмадым. Бәлкім, бір нәрсені сезген шығар... Ол әскерге "Отанды қорғаймын" деп кетті. Бірақ Отан менің ұлымды қорғай алмады. Мен балаларымды сүйіспеншілікпен өсірдім, мектепке бердім, білім бердім. Өз қолыммен әскери комиссариатқа апардым. Тірі күйінде тапсырдым... Ал олар маған жауап ретінде, “Міне денесі, әкетіп, жерлеңіздер” деп айтты”, – дейді марқұмның анасы.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы екінші ұлы Даниялды әскерден қайтаруды талап етуде. Ол да қазір сол гарнизонда қызметін жалғастырып жүр. Демобилизацияға бір ай қалғанымен, ата-анасы оның да өміріне алаңдап отыр.