Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мүшелдік жыл басы 21-22 наурызда емес, 14 наурызда тойлануы керек - Серік Ерғали

18:01, 20 наурыз 2024 1798

«Мүшелдік жыл басы 21-22 наурызда емес, 14 наурызда тойлануы керек». Бұл туралы мәдениеттанушы, түрколог, наурызтанушы, Серік Ерғали ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

14 НАУРЫЗ – «ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ» АТАЛЫП, АРНАЙЫ МӘРТЕБЕ БЕРІЛУІ КЕРЕК


«Көпшілігі «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз тіркесін «21-22 наурыз - күн мен түннің теңелу күні» деп түсініп жүр. Бірақ, біздің зерттеуіміз бойынша «Ұлыстың ұлы күні» деп - 14 наурызға қаратып айтқан. Ұлы ойшыл, этнограф Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбаларында Бұхара қаласында болған 8 күндік Наурыз мерекесі ескі күнтізбемен 1-8 наурызда (қазіргіше 14-21 наурыз аралығында) өткенін айтады. Жыл басы туралы Алаш ардақтысы Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахат Шәкәрімұлы өзінің Наурыз туралы естелігінде: «14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні» дейді. 14 наурыз – «Мүшелдік жыл басы», «Түркілік Жаңа жыл», «Ұлыстың ұлы күні» деп аталуы керек еді. Сол кезде бәрі түсінікті болады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұл күннің мәртебесі жоқ. Арнайы мәртебе беріліп, осы күн демалыс болуы керек еді. Әзір ондай шешім болған жоқ»,- дейді наурызтанушы Серік Ерғали.

 

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ БҰРМАЛАУҒА БОЛМАЙДЫ


«Наурыз» тақырыбын зерттеп жүргеніме келесі жылы 25 жыл болады. Ұлтымызды ұйыстыратын басты мерекеміз - Наурыз мейрамы туралы терең зерттеу жүргізуіме түрткі болған нәрсе – өзім туып-өскен Ақтөбе өңірінде жұрттың бәрі 14 наурыздан бастап Наурыз мерекесін тойлай бастайтындығы. Неге дәл 14 наурыздан бастап тойлайды? Неге біз ресми түрде күн мен түн теңелетін 21-22 наурызда Ұлыстың ұлы күнін тойлауға көштік? Бұл екеуі екі бөлек ұғым ба? Барлық ғылыми деректерді тауып, Наурыз мейрамын жаңаша тойлау концепциясын 2008 жылы әзірледім. Зерттеуімнің басты мақсаты – 14-22 наурыз аралығын қосып, 9 күндік «Наурыз-фест» фестивалін атап өтуге бағытталды. Наурызды жаңаша тойлау тұжырымдамасын 2009 жылдан бастап алғаш рет Астана қаласында, 2013-2015 жылдары Шымкент қаласында енгізе бастадық. Алайда, соңғы жылдары біз ұсынған Наурызды жаңаша тойлау тұжырымдамасын біраз азаматтар өз беттерімен өзгертпек болып, Мереке күндерінің атаулары мен мазмұндарын бұрмалап жүр»,- деп пікір білдірді идея авторы.

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН АТАП ӨТУДІҢ НАҚТЫ ІС-ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛУІ ТИІС


«Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасында жалпылама тақырыптар бар. Бірақ, көңілге қонымды логика, қисын көріп тұрған жоқпын. Бұқара халық Наурызды қалай тойлауы керек, ресми орындар қандай іс-шараларды ұйымдастыруы керек? Наурыз мейрамын атап өтудің нақты іс-жоспары бекітіліп, халыққа арналған мерекелік құжат әзірлеу керек еді. Авторлық патентпен қорғалған еңбегімізді атүсті өзгерту ұлттық таным мен құндылықты тәлк етеді. Біз ұсынған тұжырымдамада мәні мен мазмұнына сәйкес бір күнді екінші күнмен ауыстыруға болмайды. Мәселен, біздің тұжырымдама бойынша 15 наурыз – «Жаңару күні». Жаңа жыл келді. Енді сен де жаңаруды өзіңнен бастауын керек делінген. Ал жаңа тұжырымдама бойынша 23 наурыз - «Тазару күні» дейді. Сонда біз оған дейін не бітіреміз сонда? Жыл басы «22 наурыз» деп кетіпті.14 наурыз – «Жаңа жыл», «Мүшелдік жыл басы», «Ұлыстың ұлы күні» деп айтылмайды. Тек «Көрісу күні», «Амал мерекесі» деп екіұшты етіп, еш ғылыми негізге сүйенбеген. Десе де, бір нәрсеге шын қуанып отырмын. Біздің 15 жыл бойғы көтеріп жүрген Наурыз мейрамын 14-22 наурыз аралығында 9 күн бойы тойлап, Қазақтың жаңа жылын қайтарғанымызға қуандым. Наурыз этнографиялық еске алу күніне айналмауы керек. Наурызнама жалпыхалықтық деңгейге көтерілуі үшін осының барлығы егжей-тегжейлі жазылып, тұжырымдаманың мәні мен мағынасы бойынша ақылдасулары қажет еді», - дейді наурызтанушы Серік Ерғали.


НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНУЫ КЕРЕК?

Назарларыңызға наурызтанушы, мәдениеттанушы Серік Ерғали әзірлеген авторлық «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасының» жобасын ұсынамыз.

Наурызнаманың 3 принципі бар: олар - 7 бояу, 7 дәм және 7 үн.

Наурыздың басты атрибуты - жолтерек, алтыбақан.
*Жолтерек (ежелгі түркілік «йол» - «жол»: тілек жолы ұғымын білдіреді) – қазақ халқының танымы бойынша аспан мен жердің арасын байланыстырушы рухани-энергетикалық жол. Тілек жолы.

14 наурыз – Шуақ күні
15 наурыз – Жаңару күні
16 наурыз – Жайнау күні
17 наурыз – Шаттық күні
18 наурыз – Береке күні
19 наурыз – Тағзым күні
20 наурыз – Өркен күні
21 наурыз – Ұлы күн
22 наурыз – Бастаңғы

14 наурыз – «Шуақ күні». Жылдың басы. Мүшелдік жаңа жылдың кіретін күні. Көрісу ғұрпы. 90 күн Көктемнің алғашқы шуағы түсетін күн. Жаңа жыл Көктеммен бірге келеді. Белгісі – бәйшешек гүлі. Өйткені, көктемде осы гүл ғана қар мен мұзды тесіп шығады.Түсі – тоқсары/оранжевый. Бұл күні жұрт «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын» деп бір-бірін Ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, көрісу рәсімін жасайды. Ағайын-туыстың үйіне барып, көріседі. Алыстағы ағайынмен онлайн хабарласып, құттықтайды. Ерлер әйелдерге бәйшешек гүл сыйлайды. Адамдар бір-біріне шуақ сыйлайды. Радио мен телеарналарда көктем, күн мен гүлдер туралы әндер шырқалады. Көшелерде бәйшешек гүлінің бейнесі ілінеді. Гүлдер жәрмеңкесі өткізіледі. Жаңа жылмен қауышу - сахналық қойылымдар қойылады. Ағыл-тегіл Наурызкөженің маусымы басталады.

15 наурыз – «Жаңару күні». Бұл күн рухани және тәндік, физикалық тазару күні болып саналады. Түсі - алқызыл. Белгісі: алау/от. Үй-жайды тазарту керек. Үйді аршамен аластау қажет. Ауланы сыпырып, қардан тазалап, қоқыстан құтылыңыз. Моншаға түсіңіз. Бұлақтың көзін ашыңыз. Ескі-құсқыдан құтылыңыз. Жаңа нәрсе сатып алыңыз. Біреуге деген реніштеріңіз болса, кешіріп, бір-біріңізді рухани тазаруға, жаңаруға жол ашыңыз. Үйді, киімді, көңілді жаңартыңыз. Хош иісті шөптермен иіссулармен орынжайларды, кеңселерді, бөлмелерді жұпарлаңыз. Бұл күннің белгісі от болғандықтан жыр-термелерді қосу керек. Жыр ежелгі қуат шақыру мен энергия сапырудың жоралғысы болған.

16 наурыз – «Жайнау күні». Түсі – күлгін. Белгісі – құрақ көрпе. Құрақ көрпе бірнеше түстен құралады. Бұл күн 7 бояу принципіне сәйкес айналаны жайнатуға, толық көріктендіруге арналады. Әрбір отбасы үйлерін, ауласын, ауылын, көшесін безендіреді. Көше, ауыл 7 түспен әшекейленеді. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, кілем төселеді. Автокөліктер мен автобустар безендіріледі. Зергерлер мен ісмерлердің, ұсталардың жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Суретшілер мен қолөнер шеберлері өздерінің көрмесін ашады. Сурет, дизайн, қолөнер өнімдері бойынша аукцион, бәссауда ұйымдастырылады. Сәнгерлер, модельдер өздерінің жаңа бұйымдары мен стильдерін алып, іс-шара өткізеді. Сонымен бірге бұл күні күй мен музыка өнеріне жол берген мақұл. 

«17 наурыз – Шаттық күні». 7 үн принципіне арналады. Бұл күнді әркім қуанышты өткізіп, көңіл сергітер іс-шараларға арнайды. Түсі – қызғылт/розовый. Белгісі – қоңырау немесе жетіген. Күлдіргі, әзіл шараларына молынан жол беріледі. Әркім 7 адамды қуантуы керек. Халыққа шаттық, қуаныш сыйлайтын күн. Кино, концерт, спектаклге бару керек. Бұл күн негізінен күлкінің күні. Алдар көсе сағаты, өтірік айтыс, қылжақ айтыс, әзіл жәрмеңкесі, цирктердің өнері, әзіл-сықақ театрлары өнер көрсетуі тиіс.

18 наурыз – «Береке күні». Бұл күн Наурызнаманың 7 дәм принципіне сәйкеседі. Әр үй 7 адамға Наурыз көжеден дәм таттыруы керек. Түсі – күрең. Белгісі – тайқазан. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Бұл күні әр үйдің дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Аз қамтылған отбасыларды қолдауға, жетім-жесірге, жоқ-жітікке, жарлы-жақыбайға азық үлестіруге болады. Дәулетті адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Наурыз дастархан» ретінде азық-түлік таратады. Бұл күні ауылдар мен кенттерде, қалалардың алаңдары мен саябақтарында тегін көже ішкізу, бауырсақ тарату қолға алынады.

19 наурыз – «Тағзым күні». Бұл күн қазақ танымындағы екі дүниенің (Одүние мен Бұдүниенің) бір-біріне құрметтесуі, Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Қазақтың Иіс ғұрпымен әруақтарды еске алып, дұға оқылады. Қарияларға «Белкөтерер» дастарқаны жайылады.Түсі – көгілдір. Белгісі – алақан. Әр үй 7 қарияға сый көрсетуі тиіс. Алаңдарда,көшелерде және көршілерге жаппай шелпек тарату, шелпек пісірудің түрлері мен рецептері дәріптеледі. Наурыздық бата беру жарысы өтіп, шүлен тарату, жылу жинау секілді қайырымдылық институттары насихатталады. Әр қазақ жeтi aтaсын қалпына келтіруі тиіс. Бұған қазақ еместер де қосылуы керек.

20 наурыз – «Өркен күні». Күннің түсі – жасыл. Белгісі – қошақан. Әр үй 7 баланы қуантуы керек. Бұл күн – жаңа жылдағы өсу, өну, өркендеу, молаюдың басы. Сондықтан адамдар үйлеріне, ауласына, тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш егеді. Ата-әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады. Ата-аналар балаларына жолдық сыйлайды, депозит ашады. Жолдық – наурызда берілетін сыйлық. Ұлға бәсіре, қызға жасау атайды. Перзентханаларда ұл тапқан келіншекке «үлпершек», қыз тапқандарға бүйрек пісіріп береді, сырға-сақина тарту етеді. Балаларға арналған түрлі ойындар мен жарыстар, концерттер,екшем/конкурстар өткізіледі. Ауылдарда төлдер тойын өткізуге болады.

21 наурыз – «Ұлы күн». Үйлесім күні. Ұлы істің ұлы күні. Күн мен түннің теңесер күні, ақ пен қараның үйлескен күні. Ғарыштық әрі рухани тепе-теңдік сәті. Түсі – көк. Белгісі – текеметтің түрі. Күннің түстерін сол күнге сәйкес киім-кешекке безендіруге болады. Өткен жеті күннің барлық іс-шаралары осы күні қосыла атқарылады. Елдегі өткізіліп жатқан іс-шараларға қатысу керек. Кешке Бастаңғы іс-шарасына әзірлену керек. Бастаңғы – түнімен ұйықтамай бас таңды қарсы алу. Ол үшін Қыдыр атаға дастарқан жайылады. Міндетті түрде құмшекер, талқан қойылу керек. Келген Қыдыр ата өзінің белгісін жазып қалдыру үшін қажет деген сенім бар. Қыдыр Ата қазақтың танымында, сенімінде Жаратқанның ерекше бір періштесі. Ел-жұртты аралап, сыбағасын, несібесін, игілігін таратады деген сенім бар. Мыңдаған жылдар бойы ол өшпей келе жатыр. Ерлер мен жігіттер бибілерге «Селтеткізер» сыйлығын әзірлейді, бастаңғы дастарқаны «Ұйқыашар» аталады. Бас таңды әулет болып, жанұя болып қарсы алады. Бастаңғыға арналған арнайы Науан аталатын үшсөрелі дастарқаны ойластырылды.

22 наурыз – «Бастаңғы күні». Бұл күннің басты іс-шарасы таңғы сағат 7-де ататын бас таңды қарсы алу. Түсі алтын. Белгісі – күн. Таң атқанда Тілек тіленеді. Бұл Жаратқанға тез жетеді, тез қабыл болады деген сөз.

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар