Танымал композитор Арман Дүйсеновтің әйелі журналист Аман Тасығанға алғаш рет сұхбат беріп, күйеуінің өлімі мен отбасындағы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұхбат барысында Айсұлу Айданқызы өзіне ауыр соққы болған жайтты атап өтті. Ұлының денесін жаңа пәтерінде өзінің тауып алғанын айтты.
Әйелдің сөзінен белгілі болғандай, ол бұл қайғылы сәтті жалғыз бастан өткерген және жанұясына қатысты қауесеттер мен сұрақтарға ашық жауап беруге шешім қабылдаған.
"7-қазан 2024 жылы маған қоңырау соғылды. Маған Санжар деген бала Абылай қайда телефон көтермей жатыр деп хабарласты. Қолы тимей жатқан шығар дедім. 7-сынып оқитын балам сабақтан шыққанда да Абылай қайда, маған сабақта достары хабарласты деді. Кіші ұлыма әкеме шайларын беріп, ойымда ештеңе жоқ Абылай жаққа бардым. Черновой пәтер алғанбыз. Есік ашық тұр екен. Кіші ұлым ары бері жүре береді, есікті жаппаймыз. Светті жақтым, ұлымды көріп тұрмын. Ұлым тұр, аяғы жерде, аяғымен жерді басып тұр. Ештеңеге ілініп тұрған жоқ. Екі қолы артында арқанмен байланған. Мойны байлаулы сүйеп кеткен сияқты. Аяғы жалаң-аяқ. Мен түсінбеймін не болып жатқанын. Ұлыма сөйлеп жатырмын. Ол ешқашан мені қорқытамын деген емес, ондайды ұнатпайтын бала. Сасып қалдым. Жедел жәрдемге хабарластым. Кіші ұлымды құрбым маған жақын тұратын, соған салып жібердім. Мен сумкамды қалдырып кетіп едім. Бір кісіге әкеліп берсеңіз бару, қайту жолыңызды төлеп, рақметімді айтамын дегенмін. Сол екі ортада сол кісі келіп тұр. Жедел жәрдем “біреуден көмек сұраңыз, баланы құлатып алмай, жерге жатқызыңыз” деді. Баланы жерге жатқыздық. Жедел жәрдем өте тез келді. Артынан полиция келді. Сол кезде маған белгісіз номерден біреу хабарласты. “Көтеріңіз!” деді тергеуші. Абылайдың қайтыс болғанын айтпаңыз, “кел, сөйлесейі” деп айтыңыз деді. Алсам: Сәлеметсіз бе, мен Санжармын, Абылайдың досы едім. Абылай телефонын көтермей жатыр. Сізбен сөйлесейін деп едім. Мен келсем бола ма, жақын арадамын деді. Жарайды дедім. Ол бала жүгіріп келіп мен Абылайдың досымын деді. Мен оған көмектесейін дедім оған ақша бердім. Неге Абылай ақшаны алды дегенде 49 миллион теңге бердім деді. Сонымен оның барлық достарын полиция алып кетті. Істі қасақана өлтіру деп қарады. Себебі адамның екі қолы артында болса ол өзін өлтіре алмайды деді. Біз оны жерледік", - деді ол.