Ақтауда №10 мектептің оқушысын ұрып-соққан үш жасөспірімнің әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленуші ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен. Бұл туралы Lada.kz басылымына баланың анасы хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 24 ақпанда 11-шағынаудандағы №10 мектептің маңында болған. Жәбірленуші бес күн бұрын ғана осы мектепке ауысқан. Сабақтан шыққан кезде оны белгісіз үш жасөспірім №15 үйдің ауласына ертіп апарып, ұрып-соққан.
«Олар оны күтіп тұрған. «Бізбен бірге жүр, сөйлесуіміз керек» деп алдап аулаға апарған. Біреуі кастет тағып алып, ұлымды соққыға жыққан. Ол айқайлап, көмек сұрағанда, қасынан өтіп бара жатқан жігіттер көмекке келген. Сол кезде ұлым маған хабарласып үлгерді», – дейді анасы.
Жәбірленушінің отбасы жақын жерде тұрғандықтан, анасы бірден ұлына көмекке асығады.
«Мен ұлымды ұрып жатқан баланы ұстап алғандай болдым, бірақ ол қашып кетті. Мұғалімдер олардың кім екенін анықтады, бәрі параллель сыныптың оқушылары. Ұлым ешкімге жамандық жасамаған, өте мейірімді бала. Қазір ауруханада жатыр. Бұл іс жазасыз қала ма деп қатты алаңдаймын», – дейді ол.
Жәбірленушінің миы шайқалып, басқа да дене жарақаттары диагнозы қойылды. Мектеп әкімшілігі психологтерді шақырып, жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізген. Алайда оларды басқа мектепке ауыстыру мәселесі қарастырылмаған.
Алғашында полиция бұл істі әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырған. Бірақ баланың анасы бұған келіспей, жауапкершілікті күшейтуді талап еткен.
«Олар кастет қолданған және жасы 14-те. Алдымен істі Қылмыстық кодекстің 108-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша қозғады. Бірақ бұл бап тек 16 жастан асқан адамдарға қолданылады. Ертең «Олар 16-ға толмаған» деп істі жауып тастамай ма?» – деп алаңдайды анасы.
Ол бұл істі 14 жастан бастап жауапкершілік қарастырылған 293-баптың 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қарастыру қажет деп есептейді. Бұл бап қару немесе денсаулыққа зиян келтіруге арналған заттар қолданылған жағдайда қолданылады.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қақтығысқа қатысушылардың барлығы анықталып, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізілген.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар құқық бұзушылардың ата-аналарының жауапкершілігі қарастырылады. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына материал дайындалып жатыр», – деп хабарлады полиция.
Күдіктілер профилактикалық есепке алынатын болады. Бірақ жәбірленушінің анасы істің әділ тергелетініне күмәнданады.