Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жантүршігерлік жағдай: Атырауда қызды тұншықтырып өлтіріп, өзенге лақтырып жіберген - Денесі әлі табылмады

13:00, 09 қаңтар 2025 650

23 жастағы Яна Легкодимованың анасы төрт айдан бері қызының денесі табылуын күтіп отыр. Алайда іздестіру жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды Alash.kz.

18 қазан күні кешкі сағат 22:00 шамасында Яна Легкодимова Авангард ықшамауданындағы үйінен шығып, қайта оралмаған. Туыстары полицияға жүгініп, іздестіру жұмыстарына еріктілер де қосылған.

Бірнеше күннен кейін Яна қатыгез қылмыстың құрбаны болғаны анықталды.

Полицияның мәліметінше, 24 және 25 жастағы екі ер адам Янаны ұрлап, өлтіргендерін мойындаған. Олар қызды тұншықтырып өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастағанын айтқан.

Алайда төрт ай өтсе де, денесі табылған жоқ.

“2024 жылдың 15-29 желтоқсан аралығында Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен іздестіру жұмыстары қайта жүргізілді. Операцияға 36 құтқарушы, бір кинологиялық топ, алты техника, екі су көлігі және дрон жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына жоғалған қыздың анасы да қатысты”, – деп хабарлады Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Іздеу операциясы кезінде өзен жағалауы мен түбі тексерілді, сүңгуірлер эхолот құралын қолданды. Дегенмен, барлық күш-жігерге қарамастан, іздеу жұмыстары нәтиже бермеді.

“Янасыз өткен әр күн – төзгісіз азап. Ол менің қуанышым, мақтанышым, жарығым еді. Әзірге іздеу нәтижесіз аяқталды. Бірақ мен шындықтың ашылатынына және қызымның жаны жай табатынына сенемін. Ешкім мұндай тағдырға лайық емес”, – деді Галина Легкодимова, марқұмның анасы.

Яна Легкодимова жарқын әрі табысты жан болған. Ол мектепті үздік аяқтап, Атырау мұнай және газ университетіне грантқа түскен, кейін магистратураны тәмамдаған. Оқуы кезінде Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтында жұмыс істеген және аспирантураға түсуге жоспарлаған. Достары мен әріптестері оны еңбекқор, мейірімді және өмірсүйгіш адам ретінде еске алады.

Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің лайықты жазаланатынына үміт артады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар