Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Еуропаны жаяу бағындырған жиһанкез

13:00, 17 маусым 2026

Саяхат әлемінде жасқа қатысты барлық шектеулерді жоққа шығарған ұлытаулық ақсақал, саяхатшы, ұста Сәрсенбай Қотырашов тағы бір тарихи белесті бағындырды. 2026 жылы ол өзінің қол арбасымен Еуропаның бес бірдей ірі мемлекетін жаяу жүріп өтіп, қазақстандықтардың рухын әлемдік деңгейде танытты. 

Сәрсенбай атаның еуропалық экспедициясы - тек географиялық сапар емес, бұл қазақ мәдениетінің, төзімділігі мен қонақжайлылығының Еуропа төріндегі көрінісі болды. Ақсақал өз маршрутын Сербиядан бастап, Венгрия, Австрия және Германия арқылы Францияға дейін жалғастырды. Ақсақал сапар барысында Еуропаның әртүрлі климаттық белдеулері мен ландшафттарын басып өтіп, тарихи орындарар мен қалаларды аралады. Сапардың басты мақсаты - «Ұлытау» өңірінің әлеуетін әлемге паш ету, халықтар арасындағы достық көпірін орнату және салауатты өмір салтын насихаттау.

Жиһанкез атаның бұл сапары еуропалықтар үшін де таңғаларлық оқиға болды. Көптеген еуропалық БАҚ өкілдері өздерінің тарихи қалаларының көшелерімен жүріп өткен қазақстандық саяхатшыны темірдей төзімді тұлғаға теңеді. Барлық қажетті заттарын өзінің арбасымен тасымалдап, мыңдаған шақырымды жаяу жүріп өтуі - оның физикалық дайындығы ғана емес, сонымен бірге табандылықтың айқын дәлелі. Ақсақал әрбір мемлекетте қазақтың ұлттық киімімен жүріп, шетелдіктерге өз отанымыздың тарихы мен дәстүрі туралы айтып берді. Бұл сапар халықаралық деңгейдегі мәдени дипломатияның ерекше үлгісіне айнала білді.

Сәрсенбай атаның Еуропа сапары бірнеше себеппен тарихи маңызға ие. Атап айтар болсам, ол осынша үлкен жасында әлемдік саяхатқа шығып,:«Жас - жай ғана сан. Мақсатқа жету үшін жас кедергі болмауы керек» деп түсіндіріп, жастарға мотивация берді.

Сондай ақ, Қазақстанның атын Еуропаның картасына саяхатшының ізімен қалдыру, әлемнің назарын біздің табиғатымыз бен тарихымызға аударды.

Атамыз әрбір қадамы арқылы қазақ халқының көшпенділік тамыры мен рухының бүгінгі заманда да өшпегенін дәлелдеді.

Сапардың ең күрделі кезеңі Еуропа болды. Сербияда полиция көлігі жиһанкез атаның артынан сүйемелдеп жүріп отырды. Себебі, жаяу адамның тас жолмен жүруіне тыйым салынған. Германия мен Францияда жол ережесінің қатаңдығы, айналма жолдардың күрделілігі, күннің ерте батуы, жауын-шашынның, әсіресе қардың жаууы оған ауыр тиді.

«Бұған дейінгі Қазақстан, Ресей, Грузия, Моңғолия, Қытай жолдары Еуропамен салыстырғанда жеңілге түсті» дейді саяхатшы ата.

Дегенмен сол ауыр жолдардан аман-есен өтіп, әр елдегі қазақ студенттерімен кездесіп, туған жер туралы сыр шертті. Бұрын Ұлытаудан көшіп кеткен жерлесіміз Наталья апай Германияда өз үйіне қонақ етті.

Еуропа сапарындығы ең үлкен құрмет - неміс-қазақ азаматтарынан құрылған “Qazan” қауымдастығы тарапынан атамыздың кеудесіне тағылған «Достық» медалі. Ал Парижде ЮНЕСКО басшылары оны қарсы алып, еңбегін бағалап, арнайы кездесу ұйымдастрды. Ағылшын тілін білмесе де, ыммен, адамгершілікпен сөйлесіп, барлық жерде қонақ болды. Түркияда тіл ұқсастығы, жол бойындағы мешіттердің намазханасында түнеуі сапарын едәуір жеңілдетті. Қытайда Пекинге дейін жол алыс болса да, адамдардың қонақжайлығының арқасында қиындық көрген жоқ.

Өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, жастайынан қара жұмыспен айналысып, қартайған шағына келгенше ұсталықты ел игілігіне жаратып келген Сәрсенбай ата жаяу саяхатқа шығуды 2022 жылы 72 жасында бастаған болатын. Қария өз ұстанымына берік мінезімен саяхатын алдымен өз елін жаяу аралаудан бастады. Сөйтіп, ол кісі Қазақстанның 17 облысын (8 мың км) жаяу жүріп  өткенімен танымал жиһанкезге айналды.

Алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін, атаға қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына еніп, рекордтың жаңарғанын растайтын сертификат және ақпараттық-энциклопедиялық анықтамасы салтанатты түрде табыс етілді.       2023 жылы жиһанкез Атырау қаласынан шығып, Ресейдің Кавказ өлкелерінен өтіп, Грузия мемлекеті арқылы Түркия Республикасының Стамбул қаласына жеткен. 2024 жылы Өскемен қаласынан шығып, Алтай өлкесі, Монғолия арқылы Қытайдың астанасы Бейжіңге жетті. Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына сәйкес, бүгінгі күнге дейін 75 жастан асқан бүкіл әлем бойынша жаяу саяхат жасау туралы осындай рекорд болған жоқ. 2025 жылы, өкінішке орай, қаржысының аз болуына байланысты, визаны уақытында ала алмағандықтан Еуропаға сапарын жалғастыруға мүмкіншілігі болмады. 

Ал, биылғы 4-ші кезеңдегі сапарын жиһанкез ата 76 жасында бастап, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция елдерін жаяу аралап, мәресін Францияның астанасы Париж қаласында сәтті аяқтап, елге аман-есен оралды. Жалпы ол кісі саяхаттауды 2016 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында жұмыс атқарып жүрген кезінде армандаған еді. Осы аталмыш музейде 8 жылға жуық жұмыс істеп, ол кісінің атқарған еңбектері ұшан-теңіз. Кез-келген қиын еңбектің басы-қасында Сәрсенбай атамыз жүрді. Шебер-ұста атамыз өзінің үлкен атасынан дарыған ұсталық қасиетін 13 жасында қара жұмысқа араласумен бастаған екен.    

Атамыз бойына біткен шеберлімен кез-келген шаруаны уақытылы, жауапты әрі мінсіз орындап, әріптестеріне үлгі болып жүретін. Жай ғана шебер емес, күш-қуаты мықты, қиындыққа төзімді, қайсар мінезді Сәрсенбай ақсақал «Ұлытау» музей-қорығының негізгі қызметі ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштерді қорғап сақтау болғандықтан,  қорық аумағында орналасқан сәулетті ескерткіштердің қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, Ұлытау тарихына өзінің қолтаңбасын қалдырды десем, артық емес.

Тіпті, сол ескерткіштерді мал сүйкеу, басқа да қауіптен қорғау үшін, музей жанынан ашылған шеберханада өз қолымен темірден қоршау шарбақтары мен қорғау тақталарын жасап, абаттандыру жұмыстарын да жасады. Оған дейін атамыз 2006 жылы Ұлытау ауданына қарасты Терісаққан елдімекенінде мешіт тұрғызған. Бұл ұста қарияның Ұлытау өңіріне қосқан ауқымды жұмыстарының бірі ғана. Бүгінде Сәрсенбай Қотырашов - тек саяхатшы емес, ол - ұлттық мақтанышымыздың символы. Ол «Ұлытау» қорық-музейінде тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруші(реставратор) болып жүрген кезінен бастап, бүгінгі еуропалық жорығына дейін бабалар мұрасын әлемге танытуды өзінің өмірлік парызы деп санайды.

Ақсақал өз сөзінде: «Менің сапарым - жай ғана қыдыру емес. Бұл - қазақтың атын, Ұлытаудың қасиетін әлемге таныту. Ең бастысы - адамның ниеті таза, жүрегі жас болса, кез келген шыңды бағындыруға болады» - дейді.

Атамыз осы төрт кезеңдегі сапарының нәтижесінде мемлекет тарапынан және басқа да ұйымдардан көптеген үздік марапаттарға ие болды. 

Атап айтар болсам, марафонының бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін С.Қотырашовты қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына енгізе отырып, рекордтың жаңарғанын растайтын сертификат және ақпараттық-энциклопедиялық анықтамасы салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қатар, «ҚР мәдениет саласының үздігі» медалі, «ҚР туризм саласының үздігі» медалі, «Шапағат» медалін иеленді. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың қабылдап, атамыздың ерен еңбегін жоғары бағалап, кеудесіне “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісін тақты. Оның Еуропалық жорығы арқылы қазақ елі азаматтарының қария жаста болса да мықты, ержүрек, батыр екендігін әлемге дәлелдей түсті. Бұл - ұрпақтарға үлгі боларлық ерен еңбек пен қажырлы қайраттың жемісі.

               «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени                         және табиғи музей-қорығының ғылыми қызметкері 
Баян Шайгозова

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар