Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Елдегі жағдай мәз емес. Сөзді, дөңгелек үстелдерді тоқтатып, нақты жұмыс істеу керек". Депутат ішкі қынжылысын жеткізді

10:57, 04 қыркүйек 2024 1867

Мәжіліс депутаты, кәсіпкер Айдарбек Қожаназаров Президент жолдауына қатысты ой бөлісіп, "жолдауды талдауға емес, орындауға" баса назар аудару керек екенін айтты. Сонымен қатар, мемлекетте жүйелі жұмыс, сапалы кадрлардың жоғына қынжылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутат жолдауды таңнан кешке дейін талқылай бермей, орындау керегін шегелеп айтты. Сөзді, дөңгелек үстелдерді тоқтатып, нақты нәтижеге жұмыс істейтін уақыт келгенін ескертті:

Осы елдің азаматы болған соң мемлекеттің, халықтың тағдырына әсер ететін мәселе шықса, елең ете қаламыз. Қазақстанда туып-өстік. Құдыққа қауға салып, суын іштік. Нанын жедік. Қазір маңдай теріміздің несібесін көріп отырған жағдай. Жаман болған жоқпыз. Шекара асып кетсек деген ой келген емес. Әрі қарай да атамекенде қаламыз. Ұл-қыз ер жетіп келеді, ертең ауыл-аймаққа, жарап жатса еліне қызмет қылсын деп үміт етіп жүргенімді несін жасырайын. Бәрі ойлағандай шығып, хал-ахуалымыз жақсарып, балаларымыз намысты, білімді, көзі ашық болса деген тәтті үміт осы жазбаны оқып отырған әр оқырманымның көкейінде жатқан арман-тілегі екені анық.

Проблема бар. Проблема көп. Бірақ оны шешуге келгенде уақыттан, біліксіз кадрлардан, қате қабылданған шешімдерден таяқ жеп жатқанымыз тағы бар. Кеше Президент таныстырған құжатта соның көбі анық жазылған. Меніңше Жолдауды таңнан кешке дейін талқылай бермей, орындау керек. Сөзді, дөңгелек үстелдерді тоқтатып, нақты нәтижеге жұмыс істейтін уақыт келді емес пе…

Сонымен қатар, депутат алдағы жағдайдың да мәз емес екенін баяндады: 

Әлі таусыла қоймаған, ұрланбаған бір құндылығымыз бар десек - ол тыныштық деген көзіріміз шығар. Қазір бұрынғыдай заман жоқ. Ұйықтап жатқан жерінен шошып оянып бала-шағасымен жалаң аяқ, жалаң бұт қашып шығып, тентіреп кеткендерді көріп отырмыз. Бетін аулақ қылсын. Бұрын соғыс алыста еді. Қазір таяқ тастам жерде тұр. Соның бәрін біліп отырып бір жағы, іштей осыған да тәубе дейсің. Ендігі кезекте қолда бар дүниенің қадіріне жетіп, әрі қарай ел болудың қамына кіріспесек, оңай соқпайтынын елдің бәрі біледі.

Үндемей отыра бермей, бір ауыз жазып қойған дұрыс деп шештім. Ұнасын-ұнамасын, Қазақстан ортақ үйіміз. Ұнасын-ұнамасын, реал жағдайымыз осы. Биыл да бірнеше өңірге барып келдім. Шешілмеген мәселе жетеді. Қай саланы алсақ та жүйелі түрде қарайтын тақырып аз емес. Құдай берген мінезіме салып, алға қарай жүруден басқа жол көріп тұрған жоқпын. Бұлданып теріс қарап жатып алғаннан немесе бір жерде тұрып қалғаннан не шығады? Маңдайға жазғанды халқыммен бірге көремін, - деді ол. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар