Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екінші тоқсан қашықтықтан оқытылады»: Алматыдағы Физика-математика мектебіндегі ахуал туралы тың дерек шықты

17:07, 30 қазан 2026

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай улануына байланысты жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексерудің нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.

Мамандар ас блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. Алынған тағам сынамаларының жекелеген түрлерінен микробтық ластану табылып, дезинфекция талаптарының орындалмағаны белгілі болды. Оның үстіне, асхананың 4 қызметкерінен Staphylococcus aureus (алтын стафилококк) бактериясы анықталып, олар дереу жұмыстан шеттетілді. Осы кемшіліктерге байланысты екі әкімшілік хаттама толтырылып, «MasterFood» ЖШС асханасы мен РФММ мектеп-интернатының қызметі 60 күнге тоқтатылды.

Сондай-ақ оқиға дерегі бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Туындаған жағдайға байланысты Республикалық физика-математика мектебінің әкімшілігі ресми түсініктеме беріп, былай деді:

Оқушылардың күзгі демалысы кезінде санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жалғасады. Екінші тоқсанда сабақтар уақытша қашықтан оқыту форматында ұйымдастырылады. Дәстүрлі оқу форматына оралу мәселесі барлық қажетті санитариялық-профилактикалық шаралар толық аяқталып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілгеннен кейін қарастырылады.

Сонымен қатар мектеп өкілдері ата-аналар мен жұртшылықты тек ресми дереккөздердегі ақпараттарға сүйенуге шақырды. Қазіргі уақытта оқу корпусында, мектеп-интернатта және асханада қорытынды дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Еске сала кетейік, төтенше жағдай қазан айының ортасында орын алған еді. Қазанның 12-сі мен 14-і аралығында мектеп-интернатында тұратын 48 оқушы, жалпы алғанда 58 бала жедел ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, емдеу курсынан өткен 58 оқушының барлығы қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды. Ал олармен қарым-қатынаста болған 961 адам медициналық бақылауға алынып, олардың арасынан аурудың жаңа жағдайлары тіркелген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі мен полиция өкілдері жаппай сырқаттанудың түпкілікті себептерін анықтау бойынша кешенді тексеруді әлі де жалғастырып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар