Белгілі журналист, қоғам белсендісі Бибігүл Дәулетбек UFC чемпионы Шавкат Рахмоновтың өзіне тіл тигізіп, желіде блоктағанан айтты. Ол мұндай әрекет спортшыға жараспайтынын тілге тиек етті, деп хабарлайды Alash.kz Skifnews.kz сілтеме жасап.
Бибігүл Дәулетбек бұл ойын желідегі парақшасында білдірді.
Әр чемпионның жанында ақылшысы (кеңесші) болу керек. Жаны ашитын. Хабибті неге әлем танып, жақсы көреді? Себебі оның әкесі — ұстазы, әрі ақылшысы, жанашыры болды. Ол бірінші жекпе-жегінде дереу Америкаға алып кетті. Өз еліне апармады (дағыстандықтар да біз сияқты той тойлатқанды жақсы көреді екен. Сол той тойлатып кетпесін деп). Сөйтті де, ол жақтан тіл үйренді, жаттығумен айналысып, кітап оқыды. Сол себепті Хабибтің әр сұхбаты көңіл көншітіп, тұшындырады. Баппен сөйлейді. Ыржың-ыржыңы жоқ.
Ал, Шавкаттың әр сұхбаты не орысша емес, не қазақша емес, дүбәрә. Содан кейін сөзін жеткізе алмай жатқан соң, ыржалақтап күле береді. Ал әлем одан салиқалы әңгіме күтеді, - деп жазды журналист
Сонымен қатар, Бибігүл Дәулетбек Елдос Сметовтің ағылшын тілін үйренемін деген құлшынысын атап өтіп, Рахмоновпен салыстырды.
Елдосқа ырза болдым. Қанша сыныма шырт етіп бұлқынбады. Қайта сақалын қырып, бүгінде ағылшын тілін үйренуге шетелге кетіп барады. Бұрынғыдай еліріп уағыз айтып жүрген жоқ. Міне, еркек деген осындай болу керек! Ал, Шавкатың болса тылтиып, менің сыныма: «Ойбай-ау, әдеби кітап оқып үйренсеңші. Екі сөздің басын құрай алмай бірінші сыныптың оқушысындайсың. Тіл үйрен. Тойды тоқтат. Дарақылықпен жүре берсең, ертең жеңілгенде біреуі жаныңда болмайды» десем, бұл әйелдер сияқты ренжіп, блоктапты. Не болды ал? Әрең жеңіпті ғой? Бір кездері әлі танылмай тұрғанда осыны талап жатқанда, «Өзбек деп бөлуді доғарыңдар! Ол қазақ деп шырылдап қорғаған едім, сонда ол маған лайк басып еді, эх, Шавкат, - деп түйіндеді ол.