Ақтөбеде 16 жастағы жасөспірімнің денесі табылды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ақтөбеде досына көмектесу үшін моншаға барған 16 жастағы Ислам Төреғали із-түссіз жоғалып кетті. Марқұмның денесі кейін Ілек өзенінен табылды.
Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, Ислам Төреғали — №31 мектептің 10-сынып оқушысы. Марқұм 30 қараша күні, түсте, үйінен шығып, досына көмектесу үшін «Ернұр» моншасына баратынын айтқан. Алайда жасөспірім сол күні үйге оралмаған, сондықтан оған іздеу жарияланған.
Дүйсенбі күні жасөспірімнің денесі сүңгуірлер арқылы өзеннен табылды. Ілек өзені моншадан бірнеше аялдама жерде ағады. Іздеу кезінде Ислам Төреғалидің және 27 жастағы тағы бір ер адамның ұялы телефондары өзен жағасынан табылған.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің хабарлауынша, екеуінің де денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Жасөспірімді 1 желтоқсанда, ал ересек ер адамды 2 желтоқсанда өзеннен 30 метр жерде тапқан.
Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.