Бүгін, 5 наурыз - қазақты өз алдына дербес ел қыламын деп ұлт мүддесі жолында азаттықтың ақ таңы үшін қасық қаны қалғанша күресіп өткен Алаш қайраткері, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толды.
Alash.kz ұлттық порталының ұйымдастыруымен бас қаламыз - Астанадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, Ұлт көсемінің рухына құран бағышталды. 

Тағылымы мол іс-шараға алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, алаштанушы ғалым , профессор Айгүл Ісмақова, алаштанушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, заңгер-құқықтанушы, публицист Нақыпбек Сәдуақасов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, ақын, журналист Ықылас Ожайұлы, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Заңғар Кәрімхан, Данияр Ихсан алашшыл ғалымдар, журналист, аудармашы Ернат Рахметолла, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері, Алаш арысының Ақтоғайлық жерлестері, Алаш рухын ұлықтаған жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ (Алаштанушы, Абайтанушы, профессор):
Әр ұлттың тарихында ұлы тұлғалары болады. Сол ұлттың өткені, бүгіні, келешегі – ұлы тұлғалардың мақсат-мүддесі мен күрес тұрғысынан бағаланады. Сондай қазақ үшін ұлы, рухты тұлғаның бірі және бірегейі – Әлихан Бөкейхан.
Біз Әлихан Бөкейханның және сол түйіндеп берген Алаштың біртұтас идеясының нәтижесінде қазақтың тәуелсіздік нысанасы бекіп, ішіне ой тоқып, оны еркін ел ретінде шығарып отырмыз. Ол идея кеше де, бүгін де, ертең де қазақтың мүддесі үшін жұмыс істейді.
Қазақтың тарихы да, Әлекең де, қазіргі Алаш идеясы да әртүрлі сыннан өтті. Бұл идея – қазақ ұлтына игі ықыласы мен пейілі бар адам үшін қашан да қызмет етеді. Қазір, өкінішке қарай, кәрі де емес, кәрітамыс та емес, бір қасиетсіздер шығып, Әлекеңнің жеке басынан бастап, бүкіл өмірін жоққа шығаратын «ала құйындар» шықты. Ол – осы қазақ ұлтының ішіндегі «ала құйындар». Сендер сияқты жастар тұрғанда, ол «ала құйындар» суға сіңген көбіктей болып жоғалады. Алаш идеясы қазақтың ең түпкі мақсатына жеткенше қызмет етеді. Демек, Әлекеңнің тіккен туы да қашан да биік болады деп ойлаймын.
Бүгін – туғанына 160 жыл толып отырған мереке. Және оны сендер сияқты жасөспірімдер, «ҚЫР БАЛАЛАРЫ» тойлап жүрсе, біздің еркін даланың еркін гүлдері мәңгілік жайқалады деп сенемін.
Айгүл ІСМАҚОВА (Алаштанушы, профессор):
Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні. 5-ші наурыз күні туған. 1937 жылы 27 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туған күніне қарсы Бутыркада ату жазасына ұшыраған. Ал, қаншама адамға зардап шеккізген Сталин 5-ші наурызда қайтыс болған (1953). Сталин қайтыс болғаннан кейін жарты жылдың ішінде Қарлагта отырған алаштықтардың көбі босады. Қайым Мұхамедханов соның ішінде болған.
Әлихан Бөкейхан — қазақтың қандай қазақ екенін, ақылды, мықты, өз жеріндегі жер асты байлығына ие болатын халық екенін жазып кеткен тұлға. Ол Ресей географиялық қоғамының, Щербина экспедициясының мүшесі болды. Қазақтың жер асты, жер үсті байлығы қандай екенін жазып берген.
Қазақ қалай Отанына қызмет ете алады? Соның мысалын көрсетіп кеткен де, осы – Әлихан Бөкейхан! Қазір біз бірдеңе істесек, ақы, шен немесе грант дәметеміз. Ал бұлар ақысыз, шенсіз, отанға адал, жүрегімен қызмет ету үлгісін көрсетті. Әуелі Әлихан, Ахмет, Міржақыптар және олардың қасында жүрген замандастары, Сәкен Сейфуллин бастаған шәкірттері, Советтік кезде тірі қалған шәкірттері көрсетіп кеткен.Әлихан Бөкейхан — қазіргі кезде де, одан кейін де, қазақтың мемлекетшіл, отаншыл мемлекет қызметкерінің үлгісі ретінде Отанды сүйгенді қалай көрсету керек, өзінен кейін келе жатқан қазақтарға нені үлгі, нені басты құндылық етіп қалдыру керек, үлкен мақсатқа қызмет ету кернк екенін әр сөзімен, ісімен дәлелдеп кеткен.
«Текті қазақ» дейді ғой. Өкінішке қарай, қазіргі заманда «Текті қазақ» деген ұғым еш жерде оқытылмайды. Алаш азаматтарының әр жазған сөзі бізге отанға қалай ие болу керек екенін үйретеді. Біз қазақ болып тудық, осы жердің мұрагері ретінде не істеуіміз керек, қандай істің басында болуымыз керек? Басқаға қиянат жасамай, ешкімді құлдыққа түсірмей, біреуді өзінен төмен санамай, Абай айтқан «Толық адам» ретінде адамға қызмет ету, «әкеңнің баласы болма, адамның баласы бол» деген ұстанымды басты еткен.Абайды қазақтың бас ақыны деп жазған бірінші Әлихан Бөкейхан, екінші Мірхақып Дулатұлы, үшінші Ахмет Байтұрсынұлы.
Неге Абайды басты ұстаным етті? Абай – қазақ ұлтының интеллектуалды, адамдық, кісілік деңгейін көрсететін паспорты. Сондықтан олар Абайды өздеріне ұстаз етіп санап, «Қазақтың бас ақыны» санап, «қазақтың ұлттық құндылықтарын Абай ұстап тұр, Абай бізге көрсетті» деп, Абайды ұстыным етті. Оны әуелі орыс халқына танытып, әлемге мәшһүр етті. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың мықты элитасы, саяси элитасы, ғылыми элитасы, сіз бен бізге керек интеллектуал осылар болып қала бермек! Қолымыздан келсе ұқсап бағайық! Жастарға айтарым осы.
Қазір келе жатқан мықты қазақтың жастары бар. Менің студенттерім - өте мықты. Олар Әлихан, Ахметті жатқа біледі. Әр сөзін жүрегімен түсініп, жаттап алған. Олар 10 жылдың ішінде ғылымға келеді. Мүмкін билікке келеді. Анық, ғылыми элита болады. Сонда қазақ жерінде қазақ ұлты ешқашан кедей болмайды. Әлихан айтқан байлықты әр қазақтың өңіріне түйме боп қадалатын заман орнатады. Осы Астанадан бастап, кедей қазақ болмайды.
Келешекте елімізді көтеретін біздің элитамыз өсіп келе жатыр. Мен соларға сабақ беремін, соларға сенемін. Әр сабақта «бәрі сендердің қолдарыңда» деп демеу беремін. Олар соған сеніп өсуі керек. Әлиханша тәрбиелеуіміз керек, біздің мақсат – осы.Біз өте мықты мемлекет боламыз. Қазақ жерінде, құдай сақтаса, соғыс болмайды. Біз бейбітшіл халықпыз. Біз тұрған Астана - Кенесарының жатқан жері. Қазақ мемелекеті – басқаға үлгі көрсететін, толерантты халық, басқалармен тіл табыса алатын, ұлты өз жерінде кедей болмайтын адамдық ұстанымды бүкіл әлемге көрсете алатын мықты мемлекет боламыз. Мен соған сенемін! Алаш ұстанымы мен аманаты – осы!