Әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров 28 жастағы қызды зорлады деген ақпарат тарады. Боксшының өзі бұл ақпарды жоққа шығарып, "жала" деп мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Танымал боксшы Жанқош Тұраров бұл ақпарды жоққа шығарды:
3 қыз өсіріп отырған әкемін! Маған төсектес қыз керек болса, зорламай келетін жағдайым бар. Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын. Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кімнің қандай жала жауып отырғанын нақтылайтын боламын, - деді спортшы.
28 жастағы жәбірленуші танымал кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың үстінен арызданған. 33 жастағы спортшыны ұстау үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр, делінген желідегі ақпараттта.
Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпаратты растады.
"Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр", - деді ПД баспасөз қызметі.
Жанқош Жасұланұлы Тұраров 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысында туған. Кәсіпқой боксшы. 2023 жылы наурызда IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды.
Үйленген, жұбайымен үш қыз тәрбиелеп отыр.