Құмар ойынның шырмауынан әзер шыққан Бағлан Әбдірайымов басынан өткен қиындықтары жөнінде ашып айтты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
"Бір жарым жылдың ішінде күл-талқаным шықты. Өткенде отырып есептесем, 500 мың доллардай шығын кетіпті—барлық қарызым мен берген дүние-мүлкімді қосқанда. Өзім үйде 45 мың доллар жинаған адаммын.
Сол тізіліп тұрған ғимараттардың бәріне кіріп, әкімшіліктерін шақырып: «Маған енді кіретін есікті жабыңыздар, келесі келгенімде кіре алмайтындай етіңіздер»,—деп өтініп, аралап шықтым. Бұл әрекетім арқылы олар есігін жапты ма, жоқ па—білмеймін, бірақ санамның есігін өз әрекетім арқылы ақырындап жаптым.
Алматыға келгеннен кейін, той-томалақ, концерттер, достарымның қуаныштары, туған күндері, тойлары мен үшін маңызды болмай қалды. Бірақ ақырындап сол ортаға қайта сіңісе бастадым. Өмірді жақсы көретін, кәсіппен айналысатын, үнемі оқып, білім іздейтін адамдардың ортасында жүруге талпынып, өз әрекетіммен қайта қадам бастым", - деді Бағлан Әбдірайымов Әйгерім Сейфолланың "Сырласу" бағдарламасына берген сұхбатында.