Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Туысын зорлап, жүкті қылған": Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлаған 71 жастағы қария жайлы сұмдық дерек шықты

12:37, 24 ақпан 2026

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қоғамды дүр сілкіндірген іске үкім шықты. Жасы жетпістен асқан тұрғын өзге емес, өз туыс қызын қорлағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады Alash.kz.

Сот барысында ер адам кінәсін мойындамады. Алайда 16 жасында зорлық көріп, жүкті болған жәбірленушінің баласы сотталушыдан туғаны сот-медициналық сараптамадан соң толық дәлелденді.

“Жәбірленуші мен сотталушы көрші тұрған. Қыздың анасы Астанаға, әкесі қарауыл болып зиратқа кеткенде үйіне ұрланып кірген. Қыз бала үйінде сіңлісімен ғана қалған екен. Сөйтіп, туысын қорлайды. Алғашқы күні жасаған азғындығын ол үш күн қатарынан жалғастырады. Соңында жеткіншек жүкті болып қалған”, – дейді Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев.

Қорланған қыз баланы Астанаға барып босанған. Ұл туған соң араға уақыт салып, ауылына оралыпты. Бар сұмдық осыдан кейін белгілі болып, жергілікті тұрғындар азғынның отбасымен бірге көшіп кетуін талап еткен. Ақыры қарабет болған отбасы ауылдан іргесін аулақ салып, қаршадай қыздың жас өмірін қор қылған қарт бүгін сотталды.

“Кәмелет жасына толмаған баланы зорлап, үйіне ұрланып кірді деген айып тағылған Келес ауылының тұрғыны 15 жыл 6 айға сотталды. Жаза мерзімі 17 жылға дейін берілуі керек еді. Сот сотталушының жасы мен денсаулығын ескеріп, 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айырды”, – дейді Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев. 

Ер адам үкімді естігенде эмоцияға ерік беріп, жылағандай кейіп танытты. Сот бойы өзі зорлаған қыздан кешірім сұрамағанымен, соңғы сөзінде судьядан жеңіл жаза беруді сұраған. Дәурен Мадалиев жасы жетпістен асқан сотталушыға берілген ең жеңіл жаза осы дейді.

Айта кетейік, оқиға 2024 жылы Түркістан облысы, Келес ауданы, Еңбекші ауылында болған. Жәбірленуші мен сотталушының үйі қатар орналасқан. Олар бір рудан тараған ағайын болып келеді. Қыз бала көрген қорлығынан соң өзіне қол салмақ та болған дейді анасы. Бірнеше рет қайталанған қол жұмсау әрекетін жақындары байқап, араша түскен. Содан бері үйден шығудан қалған жас ана мен бала қазір Астана қаласына қоныс аударған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар