БҚО-да ірі шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінді, деп жазады Alash.kz.
Уральская неделя басылымының хабарлауынша, қылмыс бір айдан астам уақыт бұрын болғанымен, күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған.
— Шыңғырлау аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі тергеу әрекеттері кешені жүргізілгеннен кейін шешіледі, — деп мәлімдеді полиция департаменті.
Зардап шеккен қыздың әкесінің айтуынша, 2 қаңтар күні 57 жастағы ер адам қызын алдап үйіне шақырып, зорлаған.
— Ол жасаған ісін мойындады, қызым да оны таныды. Бірақ полиция оны үйіне жібере салды. Ал содан кейін маған телефон арқылы қоқан-лоқы көрсете бастады. Біз қарапайым адамдармыз, адвокатты жақында ғана жалдадық. Ақша жинадық, – дейді қыздың әкесі.
Оның айтуынша, полиция бұл іске салғырт қарап отыр. Қыз баланың әкесі тергеу тоқтап қала ма деп қауіптеніп отыр.