Әлеуметтік желіде экс-шенеунік Шыңғыс Мұқанның кедейлер туралы пікірі тарады, деп хабарлайды Alash.kz Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«20 жылдан бері көлік жүргіземін. Жолда көлігін соғып, зардап шегетіндердің көбі — кедейлер. Неге? Себебі кедейлер үнемі асығып жүреді.
Бір-біріне жол бермейді. Қисынсыз жерге қыстырылып келеді де, ақырында көлігін соғып алады. Театр, концерт залдарында да солай. Концерт біткенде, гардеробтың түбіне жиналатын адамның бәрі — кедейлер.
Байлар сырттай қарап тұрады. Жұрт киімін алып болғанша, күтеді. Мен жалпы, адамның санасын «жоқшылық», «тоқшылық» деп екіге бөлемін. Жоқшылық санасындағылар үнемі асығыс, шыдамсыз келеді және өмірде де жоқшылық көреді. Бұл жердегі «дисклеймер» — адамның материалдық емес, рухани астарын айтып отырмын», — дейді Шыңғыс Мұқан бір подкастта.
Ал экс-шенеуніктің бұл пікірі белгілі заңгер Айгүл Орынбекке жақпай қалды. Ол Шыңғыс Мұқанның видеосын желідегі парақшасында бөлісіп, жазба қалдырды.
«Осындай жігіттер біздің идеологиямызды басқарды ғой!
Көліктерін соғып ғана қоймай, бірнеше адамды мыжып кететін байдың балаларын бұлар неге көрмейді?!
Олар бірден ақшамен шешіп кететін байдың балалары болған соң, олар жайлы айтуға қорқа ма?
Жаңа жылда Шыңғыс Мұқан асығып жүретін кедейлерге ақыл айтыпты», – деп жазды Айгүл Орынбек.