Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Астанада такси жүргізушісі өз-өзіне қол жұмсамақ болған қыз баланы құтқарып қалды

22:26, 19 қараша 2024 1506

Астана қаласында бойжеткен қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Елорда тұрғыны дер кезінде құтқарып үлгерген, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

Бұл туралы түрколог, қоғам белсендісі Нұрдәулет Шаймұрат өз Facebook парақшасында жариялады. 

Бойжеткен қызды құтқарып қалған жігіт такси жүргізушісі екен. Терезеден темірге жабысып, төмен қарай биіктен беттей берген қызды көріп, аласұрып ұшқан. Дер кезінде жеткенінің арқасында, қыз баланы аман-есен алып қалды.

Батырдың есімі - Асылбек Қанағатұлы. Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз екені белгілі болды.

"Бір адамды өлтірсең, тұтас адамзатты өлтіргенің" деген тәмсіл бар. Сол ойдың жүлгесін керісінше айналдырып "бір адамды өлім аузынан құтқарып қалсаң, тұтас адамзатты құтқарғаның!" деп қолдануға моральдық құқымыз бар деп ойласақ, ендеше мынау фотодағы досым бүгін тура "Адамзатты" өлім аузынан суырып алып отырған АЗАМАТ. 
Есім-сойы Асылбек Қанағатұлы. Моңғолиядан елге оралған қандас бауырымыз! 
Бұл жаңалықты естіп елеусіз қалдыра алмай желіге салып отырмын. Далада жатқан адамның жаны жоқ. Мүмкін өлім аузынан қалған қаракөз қарындасымыздың да су ішері бар - талайына осы азамат тап келіп құтқарып алу жазылған шығар. Айналып келіп, досымды себеп етіп, Құдайдың қиыстырып жасағаны да!  
Әңгіме былай болған, бүгін 19.11.2024 күні Астана қаласында такси істеп нәпақасын тауып жүрген досым, клиентімен бірге келе жатып Ақбұлақ өзенінің жанында, өзен бойын жағалай қоршаған ернеулі темір қоршауға жабысып асып бара жатқан қыз баласын көреді. Газды теуіп басып, көлікпен ұшып келіп жол бойына тоқтап, жүгіріп барып әлгі қызға жабысады. Қыз ары асып үлгеріпті, әзерге қолым ілініп ұстап қалдым дейді. содан бері тарт, ары тарт деп, жарты сағаттай арпалысып жүріп бері асырып алады. Әлгі ару өзі қалап өлімге басын тігіп барғаннан кейін қарсыласса керек-ті, әзерге шығарып алыпты. Жанындағыларға полицияға хабарласыңдар деп ақырында ол жерге полиция да жетіп жаңағы аруды алып кетіпті. Аптығын басып маған хабарласып тұр. Адамның жанын алып қалу оңай ма? жарықшақтанып шыққан дауысында қуаныш та бар. "Ойбай, бұл жақсы жаңалық екен, тірі қалғаны жақсы болыпты, мен бұны желіге салайын, фотоңды берші" десем, "қайтесің оны, салма, кім болса да жасайтын іс қой!" деп қояды. Қаншама жерден Алланың қалауы, кім болса да жасайтын іс қой дегеннің өзінде де тез шешім қабылдай алатын, тәуекелшіл мінез керек-ақ.  Өзім ризамын! 
Өлейін деп жатқан шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа емес қой. Осындай бейбіт күнде ел ішіндегі Ерлерімізді ұлықтап, "Ерім!" деп отырмасақ "Елім!" дейтін Ер қайдан болсын?! Ақыры жіберген фотосы мынау болды! 
"Мынау адамды суға лақтыратын адамның түрі ғой!" деп әзілдеп осы фотоны салып отырмын! Ал енді жаңағы қаракөзге келсек, неше  түрлі тағдыр бар, адам жаны аманат қой, аманатқа қиянат жүрмес. Не жағдай болса да бұлай жасау дұрыс емес-ау, Құдай есіркесін! Басымыздан кешірмеген соң ол қарындастың күйін түсінбейміз ғой, сондықтан бірдеме деу де қиын! Қарындасымызға Құдай ұзақ ғұмыр жас берсін, өмірдегі осындай іске итермелеген қиыншылықтары оңынан шешілсін деп тілейік!”,- деп жазды ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар