Әнші Сандуғаш Стамғазиева сахнадан көрінбей кеткен себебін айтты. Бұл туралы ол “Астарлы ақиқат” бағдарламасында баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.
“Қазір айтсам, ел күледі. Мен ол кезде Алтынбек Қоразбаевты да, Мейрамбек Беспаевты да танымаймын. Алтынбектің ұлты орыс екен деп ойладым. Бүгінде Мейрамбекпен қоян-қолтық араласамыз деп айта алмаймын. Жеке әншілігі мен “Музарт” тобы бар. Алтынбек – екі қызымның әкесі. “Қоштасудың қиыны-ай” әнін Мейрамбектен кейін ешкіммен орындамадым. Өмірім 180 градусқа өзгереді деп ойлаған жоқпын. Бірақ дүниеге бала алып келгеннен кейін балаға жақсы тәрбие беру керек, үйде отыру керек. Екі қыз бала менде, ұл бала болса бір жөн. Қыз балаға жақсылап қарау керек. Қыздарым жиі ауыратын, сосын үйде отыруға тура келді", – деді әнші.
Екі қызының да бой жетіп, әншілік қадамға бет бұрғанын жасырмады.
“Ол кезде Мейрамбек екеуімізді тойға жиі шақыратын. Тіпті, көп тойға бармай қалған кезіміз де болған. Сол тойдың арқасында жағдайымыз дұрысталды. Халықтың арқасында жағдайымызды жасап алдық. Екі жылда үй алдым. Алматының өзім жақсы көретін ауданынан баспаналы болдым. Өсіп-өніп жатырмыз. Қыздарым да өнерге жақын. Екеуінің де дауыстары керемет. Қанында бар дүние болғасын, жарыққа шығарып жүр”, – деді өнер өкілі.