Алматыда Қала күні қарсаңында №5 қалалық клиникалық аурухана базасында жаңа медициналық орталықтар ашылып, заманауи диагностикалық емдеу әдістері енгізілді. Бұл мыңдаған алматылыққа медициналық көмекті жылдам әрі сапалы алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Alash.KZ порталы.
Ауруханада Профилактикалық скрининг орталығы жұмысын бастады. Енді тұрғындар бір сағат ішінде «бір терезе» қағидасы бойынша кешенді тексеруден өтіп, мамандардың кеңесін ала алады. Мұндай тәсіл ауруларды ерте анықтау мен денсаулықты сақтауға айтарлықтай мүмкіндік береді.
Диспансерлік науқастарға ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда созылмалы ауруларды басқару орталығы ашылды. Онда телемедицина технологиялары қолданылып, пациенттердің денсаулығын қашықтан бақылауға және үйден шықпай тексеруден өтуге жағдай жасалған.
Сонымен қатар гепатология және эндоскопия орталығы құрылды. Орталықта бауыр мен асқазан-ішек жолы ауруларын ерте кезеңде анықтап, тиімді ем тағайындауға көмектесетін заманауи фибросканерлеу аппараты орнатылды.
Алматылық ЛОР-мамандар хирургияға жаңа технологияларды енгізуде. Алғаш рет Osteomatrix биокомпозициялық материалының көмегімен дабыл қуысына қайта жаңғырту жасалды, бұл пациенттің есту қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Islam Alobid әдісі бойынша мұрын пердесінің тесілу ақауларына эндоскопиялық жабу тәжірибесі енгізілді. Бұл тәсіл тез әрі сенімді нәтижеге қол жеткізеді.
Тәулік бойы жұмыс істейтін реабилитация бөлімінде де жаңа қалпына келтіру технологиясы енгізілген. Олардың қатарында тыныс алу жүйесі аурулары бар науқастарға арналған виброакустикалық массаж және ойық жаралардың алдын ала, күтімді жеңілдететін функционалды төсектер бар. Бұл жаңалықтардың барлығы қалалық медицинаны дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Инновациялар, заманауи жабдықтар мен жаңа тәсілдер Алматыдағы медициналық көмекті әр тұрғынға қолжетімді, сапалы әрі жақын етуде.