Астанадағы азық-түлік дүкенін патриоттық стильде безендірген кәсіпкердің ерекше бастамасы халықты тәнті қылды, деп жазады Alash.kz.
Дүкен иесі Темірхан Әшімұлы Тәуелсіздік күні қарсаңында Астаналықтарға аязды күні мерекелік көңіл сыйлады. Патриоттық үлгіні қолдануды «танымалдылық әкеледі» деп ойламаған кәсіпкер ел ризашылығының зор екенін жеткізді.
«Адамға кішкене рух бағыштайды. Өсіп жатқан, өніп жатқан ұл-қыздарымыздың патриоттық сезімі оянады. Қазір бізге келгендердің бәрі «күн аяз болса да, суық болса да Тәуелсіздік күнін еске алып, осындай заттарды жасап жатсыздар» деп, алғыс айтып жатыр» - дейді дүкен иесі.
Кәсіпкер желіде тез тарап, трендке айналған безендіру ісіне 4000 шар мен 1000 көк жалау сатып алған.
«Жай ғана безендіруге шарларға, шарды үрлеуге 2 миллионнан көп ақша кетті. Ешқандай да өкінбеймін!» - деді Темірхан Әшімұлы.
Көздің жауын алатын безендіру ісін алғашқылардың бірі болып, желіде жариялаған Нұрлан Қоянбаев «бұл - үлкен істердің басы» дейді:
Өзім де қолдауға келдім. Жалпы бір-бірімізді қолдап жүруіміз керек. Кішкентай бастама үлкен жүйеге айналу керек.
Электронды картадағы дүкеннің парақшасында ел атынан 1400-ге жуық жылы лебіз жазылған. Сәт сайын мұндай тілек-пікрілер саны артып жатыр:
Керемет! Ешқандай дүкеннен көрмедім! Бәрі жаңа жылға дайындалып, безендіріп қойған! Осылай жүрегіміз «қазағым» деп соғып тұрсын!
Саудаңыз жүрсін! Табысыңыз мол болсын! Бүгінгі істегеніңіз - тамаша!
Жаңа жылға шырша құрмай, 16 желтоқсанды атап өткеніңізге мың алғыс!