Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Харрис пен Трамп: Қазақстанға кім "ыңғайлы?" - Сарапшылармен сұхбат

15:51, 27 шілде 2024 569

АҚШ президентінің ауысуының Қазақстанға әсері қандай болады? Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы зерттеп көрді. 

Саясаткерлер мен сарапшылар АҚШ президентінің ауысуы әлемдік аренадағы көптеген елдерге, соның ішінде Қазақстанға, айтарлықтай әсер ететінін жиі айтады. Қазақстан Орталық Азияның маңызды елдерінің бірі ретінде, АҚШ-пен экономикалық, саяси, және әскери қатынастарын дамытып келеді. 

Экономикалық байланыс

Харрис президент болса?

Камала Харрис президент болып сайланса, оның әкімшілігі әлеуметтік әділеттілік, жасыл энергетика, және экологиялық тұрақтылыққа ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Харрис әкімшілігі АҚШ компанияларын жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салуға ынталандыруы мүмкін. Қазақстанның жасыл энергетика секторындағы әлеуеті, әсіресе жел және күн энергетикасы, мұндай ынтымақтастық екі елге де қолайлы болмақ.

Трамп президент болса? 

Дональд Трамптың саясаты дәстүрлі энергетика секторын қолдауға бағытталған. Қазақстан мұнай мен газ өндірісінің негізгі ойыншыларының бірі болғандықтан, Трамптың қайта сайлануы энергетика саласындағы екі жақты ынтымақтастықты күшейтуі мүмкін. Америкалық мұнай және газ компаниялары Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуі мүмкін.

Саяси және әскери қатынас

Харрис әкімшілігі демократияны және адам құқықтарын қорғауға көп көңіл бөлуі мүмкін. Бұл Қазақстанның саяси реформалар жасауға бағытталған қадамдарын күшейте алады. АҚШ-тың осы бағыттағы қолдауы Қазақстанда саяси тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін. Сонымен қатар, Харрис әкімшілігі Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты нығайтуы мүмкін. 

Трамп әкімшілігі кезінде АҚШ-тың сыртқы саясаты көбіне экономикалық мүдделерге және қауіпсіздікке бағытталды. Трамптың қайта сайланса Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастық күшеюі мүмкін. Екі елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы терроризмге қарсы күрес, тұрақтылықты қамтамасыз ету және әскери дайындықты арттыру бағытында дамуы мүмкін.

 Сауда қатынасы

Харрис әкімшілігі көпжақты сауда келісімдеріне баса назар аударуы мүмкін. Бұл Қазақстанның халықаралық сауда жүйесіне интеграциясын арттыруға мүмкіндік береді. АҚШ-пен сауда қатынастарының күшеюі Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, экономикалық өсіміне оң әсер етуі мүмкін.

Трамп әкімшілігі кезінде АҚШ көбіне екіжақты сауда келісімдеріне сүйенді. Бұл Қазақстанға АҚШ-пен сауда келісімдерін тікелей келісу мүмкіндігін береді. Трамптың экономикалық прагматизмі Қазақстанның сауда саласында нақты пайда алуға мүмкіндік береді.

Осы ретте саясаттанушы, қоғам белсендісі Дос Көшім АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы өз пікірін білдірді.

-Дәл қазір Харрис пен Трамп АҚШ президенттігіне үміткер жандар. Харрис 2%-бен ғана алда тұр. Егер басшы әйел адам болса, жалпы мемлекетте не өзгеруі мүмкін?

-Америкада жеке адам президент болып ойына келгенін жасай алмайды. Партиялар бар, оны қарап отырған парламенті, сенаты бар. Жеке адам ештеңе өзгертпейді. Харрис президент болса да Америкада аса бір ештеңе өзгере қоймайды. Англияны да әйел адам басқарды. Ішкі де сыртқы саясаты да өзгеріске түспеді. Партияның саясаты негізгі, президент тек оны жүргізуші адам.

-АҚШ - алпауыт мемлекет. Қазақстан бұл алып елмен көп қызметте серіктес. Президент ауысқаннан кейін біздің елге қандай әсерін тигізуі мүмкін?

-Шындығында мен өз басым демократтарды қолдаймын. Трамп келетін болса, ол Американың өзін көркейтуге, жақсартуға ат салысады. Демократтар болса олар әлемдік деңгейдегі демократияны тарату мәселесіне басымдық береді. Басқа елдегі жағдай, демократия олар үшін бірінші орынға шығады.

Сондықтан, әңгіме қандай партияның жеңіп шығуында. Менің өзім демократтардың жеңгенін қалаймын. Басқа елдерге көмек жасау, оқыту, дамыту сынды дүниелердің күн тәртібінен түспегені жақсы.

Қазақ мұнайына қатысты да ештеңе өзгере қоймайды. АҚШ-тың сыртқы стратегиялық саясатын 20-30 жыл бұрын белгіленіп қояды. Жаңа президент белгіленіп тұрған стратегияны әрі қарай жүзеге асыруға міндетті.

АҚШ қазір Орта Азия мен Кавказ елдерімен нақты бір үлкен саясат жүргізіп отыр деп айта алмаймыз. Тек қана Ресей мен Украинаның арасындағы соғысқа байланысты санкцияларды бақылау, Қазақстанды Ресейден сәл-пәл алшақтату тырысатын үрдіс жүріп жатыр. АҚШ Қазақстанмен қатынасты өзгертпейді.

Экономикалық байланыс сол күйінде қалады. Мүмкін АҚШ Қазақстанның кейбір инвестициялық бағытына әбден көмектесуі мүмкін. Бұның да астында бір нәрсе жатыр. Ол Қазақстанды Ресейден алшақтату. Қандай президент келсе де бұл саясат еш өзгермейді.

Саяси сарапшы Ерлан Ахмеди да АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың болашағы туралы сауалымызға өз ойын білдірді. 

Біріншіден, АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындыларын болжау оңай емес. Өйткені интрига соңғы минуттарға дейін жалғасады. Мысалға, 2016 жылғы сайлауда әлеуметтік сауалнамалар Х. Клинтонның жеңетінін көрсеткен болатын. Бірақ, саяси доданың нәтижесі баршамызға белгілі, 45-ші Президент болып Д. Трамп сайланған еді.

Екіншіден, Американың тарихында Х. Клинтон президенттікке тұңғыш әйел кандидат болды. Демократиялық партияның алдағы уақытта өтетін съезінің қорытындысы бойынша қазіргі Вице-Президент К. Харрис сол елдің тарихындағы екінші әйел кандидат болуы мүмкін. Сонымен қатар К. Харрис аз ұлттардың өкілі болып табылады. Британиялық YouGov компаниясы 2023 жылы өткізген сауалнамаға сәйкес американдықтардың жартысына жуығы (49%) әйел Президентті сайлауға дайын екендігін көрсетті.

Бірақ, менің ойымша америкалықтар үшін кандидаттың жынысы емес, ұсынған бағдарламасы мен идеологиялық ұстанымдары маңызды болмақ.

Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің қатарындағы ел. 90-шы жылдардың басында американдық  Chevron мұнай компаниясы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрып, Қазақстандағы алғашқы ірі инвестор болды.

Еліміз екі партиямен де, яғни демократтар және республикалықтар жасақтаған әкімшіліктермен жақсы қарым-қатынастар орната білді.

Елімізге АҚШ-тың бірнеше вице-Президенттері мен мемлекеттік хатшылары келіп кеткен болатын. Бірақ әзірше Америка Президенті Қазақстанда сапармен болған жоқ. Менің ойымша болашақта осындай сапар міндетті түрде ұйымдасытыралтын болады.

Өйткені Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел, сонымен қатар қазіргі таңда орта держава ретінде мойындалған мемлекет болып табылады. АҚШ тарапы осындай елмен тығыз қарым-қатынаста болуға мүдделі екендігі белгілі.

2015 жылдан бастап «С5+1» (Орталық Азия-АҚШ) форматында сыртқы ведомство басшыларының саммиттері өткізілген болатын. Ал, 2023 жылы Нью Йорк тұңғыш рет бұл формат Президенттердің деңгейінде ұйымдастырылды.

Менің ойымша, алдағы уақытта да ҚР мен АҚШ саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттарда екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жобаларды іске асыратын болады.

Қорыта келе, Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық байланыс президенттің ауысқанынан еш өзгеріп кетпейді. 

 

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар