Каспийдегі трагедияға байланысты әлеуметтік желіде тараған түрлі қауесеттерге қатысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауияның аман-есен екенін хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қорғаныс ведомствосы азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
«Әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз. Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр. Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз», — делінген ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, Ақтау маңындағы оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға орын алып, 14 әскери қызметші қаза тапқан болатын. Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары жан-жақты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.