Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында жеңіл атлетикадан сынға түскен Қазақстан спортшысы Ясмина Тоқсанбаева спорттық аяқ киімге қатысты ереже бұзушылық салдарынан жеңіп алған алтын медалінан айырылып қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиғаға байланысты спорт журналисі Аслан Қаженов ұлттық спорт федерациялары мен жауапты ұйымдардың салғырттығын сынға алып, өз Narat-ында наразылығын білдірді.
«Ясмина Тоқсанбаева алтынынан айырылды. Болмайтын қателіктен. Жарыс алаңына киетін аяқ киімді дұрыс таңдамапты. Негізі бұл спортта тыйым салынған препарат қолданып, допингке іліксе немесе спорттық жүру ережесін бұзып, жүгіріп кетсе дисквал берілетін. О баста осыдан қорыққанмын. Жоқ. Мында басқа сыймайтын олқылық. Кішкентай баланың қателігі. Біріншіден, жеңіл атлетика федерациясы неге осы моментті ескермеген және неге тиісті аяқ киіммен қамтымаған? Екіншіден, Ұлттық олимпиадалық комитет неге жедел мәселеге араласып, тиісті деңгейде шешіп тастамады? Халықаралық қатынастар қайда? Құзырлы мамандар не істеп жүр? Өйткені, қазақ қызы таза жүгіріп өтті. Айқын басымдықпен жеңді. Бірақ, қолда бар алтыннан айырылып отыр. Қысқасы, жауап беріңдер! Осындайда қырылмасаң, осындайда қолдамасаң, осындайда бірікпесең, мың қырық бірдің жүргенінен не қайыр?!», — деп жазды журналист. Айта кету керек, Қазақстан құрамасы Азия ойындарының кезекті жарыс күнінде алты жүлде еншілеген болатын.