Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс кулуарында мұғалімдерді аттестациялау тәртібіне енгізілуі мүмкін өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қазір біз аттестациялау тәртібіне өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын Орта білім комитетімен бірге талқылап жатырмыз. Бұйрық әзірге бекітілмеді. Егер құжат қабылданса, өзгерістер тек келесі оқу жылынан бастап күшіне енеді, - деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова педагогикалық қауымдастықтың да бұл жұмысқа белсенді қатысып жатқанын атап өтті.
Біздің білікті, тәжірибелі және белсенді мұғалімдер авторлық бағдарламаларды алып тастау мәселесін қоса алғанда, өз ұсыныстарын жіберуді жалғастырып жатыр. Біз барлық ұсынысты мұқият зерттеп, талдап отырмыз. Бұған дейін “педагог-мастер” және “педагог-зерттеуші” санаттарына қатысты шешімдер қабылдадық және мұғалімдердің арасында белгілі бір наразылық туындағанын түсінемін. Қазір біз жаңа аттестациялау тәсілдері мүмкіндігінше ашық әрі әділ болуы үшін келіп түскен ұсыныстарды талдауды жалғастырып жатырмыз, - деп айтты министр.