Қарағанды облысында жиырма жыл бойы ашылмай келген ауыр қылмыстың күдіктісі анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
70 жастағы әйел дүкенге бара жатқан жолында қираңқы шаруашылық аумағының жанынан өтіп бара жатқанда бейтаныс ер адамның шабуылына тап болған. Қаскүнем қарияны қорлап, кейін оның өмірін қиғен. Сол кезде оқиға орнынан алынған биологиялық іздер техникалық мүмкіндіктің шектеулігіне байланысты толық зерттелмей қалған.
Кейінгі жылдары криминалистикалық жабдықтар жаңартылып, бұрынғы қылмыстардың материалдары қайтадан сараланғаннан кейін ғана істің шешілуіне жол ашылды. Қазіргі таңда 55 жастағы ер адамның бұл қылмысқа қатысы бары дәлелденіп отыр.
Сергей Стихеев, Жедел Криминалистикалық департамент бастығы:
— «Қылмыскер оқиға орнында аздаған биологиялық ізін қалдырған. Ол кезде біздің техникалық жабдықтарымыз оларды нақтылап, күдіктімен сәйкестендіруге мүмкіндік бермеді. Биыл құрылғыларымыз модернизациядан өтіп, бұрын жасалған қылмыстар бойынша барлық криминалистикалық есепті, соның ішінде ДНҚ базасын да қайта қарадық. Соның нәтижесінде қазір 55 жастағы азамат анықталды. Ол қазіргі таңда жазасын өтеп жатыр».
Жаңартылған зертханалық база мен қайта тексерілген материалдар 20 жыл бұрынғы қылмыстың ашылуына себеп болды. Тергеу жалғасуда.