Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда жер сілкінсе, 50 мың адам сыятын шатырлы қалашық бар - ТЖ министрі(Видео)

16:31, 24 қазан 2024 565

Алматыда жер сілкінсе, халық қайда көшіріледі?

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жойқын жер сілкінісі болса, алматылықтардың қайда паналайтыны жөнінде айтты, деп хабарлайды Alash.KZ.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, бұл жағдайға шатырлы қалашық қарастырылатын көрінеді.

Алматыда министрліктің жедел мақсаттағы Алатау базасы құрылған. Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда оның аумағында зардап шеккендерге арналып, шатырлы қала орналасқан. Бұл алаң қазір дайын тұр.

«Шатырлы қалашықта жатын орын, үш күндік тамақ, жалпы барлық қажетті зат болады. Әзірге оған 50 мың адам сыяды. Мақсатымыз – 1 миллион орын жасақтау», - деді Әрінов.

Сонымен қатар, гуманитарлық көмек қабылдау пунктері және басқа да қосымша құрылыстар салынбақ. Мемлекеттік материалдық резервтерді қайта қалыптастыру тәсілдері қайта қаралып жатыр.

«Зардап шеккен халыққа арналған медициналық чемодандар мен эвокуациялық рюкзактар енгізілді. Өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімі жақсартылды. Салмағы жеңіл. Құтқару жұмыстарын орындауға ыңғайлы», – деді министр.  

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджет есебінен, лизинг шеңберінде 728 бірлік арнайы техника, 18 мыңнан астам қажетті техника сатып алынбақ. Бұл техникалар бірінші кезекте аудандық бөлімшелерге бөлінеді.

«Алғаш рет 4 ұшақ, 7 тікұшақ, көпқабатты үйдегі өртті сөндіру үшін 2 өрт сөндіру дронын, жедел жағдайды бақылауға арналған 10 ұшқышсыз ұшу апаратын сатып алу жоспарланып отыр», – деді министр.

Алатау базасы Түріксіб ауданында орналасқан. Онда 173 гектар ашық жер бар. Темір жолдан қашық емес.

«Біз ол жерде жаттығу өткіземіз. Ол жерде палаткалар да жеткілікті. Жайма төсектерді де қарастырамыз. Әрбір коммуналдық шаруашылық өкілдерімен өзара іс-қимыл пысықталды», – деді министр.

Министр қалашыққа арналған орын ең қауіпсіз жер екенін атап өтті.

Вице-министр Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, Оңтүстік Алатау базасының маңында ғимараттар жоқ. Тікұшақтар қона алады.

«Бұл жер қаланың төменгі бөлігінде орналасқан. Алматыда жеті жер қыртысының жарықшағы бар. Бұл жерде жарықшақ жоқ. Сондықтан жер сілкінсе, ондағы нәрселердің бәрі бүлінбей сақталады. Ол жерде түрлі бөлімдер орналасады. Соның ішінде медицина қызметкерлері мен құтқарушылар да. Күн сайын іздеу жұмыстары осы жерден басталады», – деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар