Қарағанды облысы аумағында ауыр поезд апаты орын алып, рельс жөндеп жатқан төрт теміржолшы қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға сағат 17:15 шамасында Мойынты–Шығанақ бағытының Шешенқара–Қаражанғыл аралығы маңында тіркелген.
Ресми ақпаратқа сәйкес, аталмыш бағытпен келе жатқан жүк пойызының машинисі жолда жүрген теміржолшыларды байқап, шұғыл тежеу жасаған. Сол сәтте Сарышаған станциясының жол жөндеу бригадасы рельстерді ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар атқарып жатқан.
«Барлық қауіпсіздік шаралары қабылданғанына қарамастан, апатты болдырмау мүмкін болмады. Төрт қызметкер алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – делінген ресми хабарламада.
Апаттың себебі мен толық мән-жайын анықтау үшін ҚТЖ Басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссияны ұлттық компанияның бас инженері басқарады. Оның құрамында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының басшылары бар.
Комиссия мүшелері дереу оқиға орнына жетіп, тергеу жұмыстарын бастап кеткен.