Қарағанды облысында екі отбасы бір қабірге қатысты дауды сотта шешуге мәжбүр. Араға бір апта салып жерленген екі марқұмның нақты қайсысы даулы орында жатқанын тараптар анықтай алмай отыр, деп хабарлайды Alash.kz “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандылық Айгүл Жамиленова 2024 жылдың қараша айында анасын Бұқар жырау ауданына қарасты Құрлұс ауылындағы мұсылман зиратына жерлеген. Қабір орнын зират қараушысы, жеке кәсіпкер ұсынған. Қазу және абаттандыру жұмыстары үшін 160 мың теңге ақы алған.
Алайда жазда Айгүл жолдасымен бірге мазар тұрғызу үшін келгенде, анасы жерленген орынның үстінде бөгде адамның аты-жөні жазылған құлпытас пен қоршау тұрғанын көреді.
«Қабірді қазған адамның нөмірі күзетші үйшігінде жазулы еді, соған хабарластым. Ол келіп, біз қателескенімізді, бұл біздің қабір емес екенін айтты. Сөйтсе, досының тәтесін осы жерге жерлегенін, қабірді өзі қазғанын жеткізді», – дейді Айгүл Жамиленова.
Айгүл екінші тарапты тауып, қоршауды бұзуды талап еткен. Алайда олар марқұм сол жерде жерленгеніне сенімді екенін айтып, бас тартқан. Пікір беруден де бас тартты.
Полицияға жазылған арыз бойынша қылмыстық іс қозғалмаған. Кейін Айгүл Бұқар жырау аудандық сотына жүгініп, қоршауды бұзу мен эксгумация жүргізуді сұраған. Бірақ сот талап-арызды қанағаттандырмай, мәйітті қайта қазып тексеруге рұқсат бермеген.
Қабір орнын қазған жеке кәсіпкер Амангелді Жүнісов бір қабірде екі адамның жатуы мүмкін емес екенін айтады. Оның сөзінше, зиратта ресми есеп жүргізілмейді, сондықтан клиенттердің бірі орынды шатастыруы ықтимал.
Ал Айгүл Жамиленова жерлеу рәсіміне 40 адам қатысқанын, олардың бәрі бірдей қателесуі мүмкін емес екенін алға тартады.
Іс бойынша апелляциялық шағым берілген. Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Бауыржан Ізделеуовтің айтуынша, сот эксгумация тағайындаудан бас тартқан. Ал дәл осы сараптама даулы қабірде кім жерленгенін нақты анықтауға мүмкіндік берер еді.
«Егер олар менің анамды қазып алып, өз туысын жерлемесе, үстіне тағы бір адамды қоя алмайды. Мен анамның сол жерде жатқанын білемін. Егер басқа адамның ескерткіші орнатылса, мен анамды еске алатын жер таппай қаламын», – дейді Айгүл.
Егер апелляциялық сот та алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырса, қорғаушы құқық қорғау органдарына қайта жүгініп, қылмыстық іс қозғауды талап етпек. Қажет болса, прокуратураға да шағымдану жоспарда бар.