Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"59 млрд теңге" - Мүтәліп пен Боранбаев тендерге таласып қалды

16:06, 30 сәуір 2026

Алматы облысында бір қала мен сегіз ауылда бой көтеруі тиіс тоғыз мектептің құрылысына қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсы өтпей қалды. Жалпы құны 59,3 млрд теңге болатын ірі жобаға екі құрылыс компаниясы қатысқанымен, екеуі де талаптарға сәйкес келмеді деп танылған, деп жазады Alash.KZ сайты kursiv.media порталына сілтеме жасап.

Мектептер Қонаев қаласы мен Өтеген батыр, Байсерке, Тоқпанов, Қырғауылды, Екпінді, Жайнақ, Қарғалы және Бәйтерек ауылдарында салынуы жоспарланған. Әр нысанның құны шамамен 6,3–7,4 млрд теңге аралығында, ал сыйымдылығы 900-ден 1200 оқушыға дейін.

Конкурсқа Integra Construction KZ компаниясы барлық тоғыз лот бойынша өтінім берсе, «Оңдасын Строй» бірнеше жобаға ғана қатысқан. Алайда комиссия екі компанияның да құжаттарын талапқа сай емес деп тауып, конкурсты жарамсыз деп жариялады.

Ресми себеп ретінде біліктілік талаптарының орындалмауы және заң талаптарының сақталмауы көрсетілген.

Енді облыс әкімдігі бұл жобалар бойынша тендерді қайта жарияламақ.

Жобаға қатысқан компаниялардың бірі — Integra Construction KZ. Ресми деректерге сәйкес, оның құрылтайшыларының бірі кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп, ал екінші құрылтайшы — оған тиесілі Management&Construction Ltd. Бұған дейін бұл компания Бағанашылдағы №1 балалар үйінің жаңа ғимаратын өз қаражатына салып жатқанын мәлімдеген.

Ал екінші қатысушы — «Оңдасын Строй» компаниясы кәсіпкер Бердіқожа Боранбаевқа тиесілі. Компания 2006 жылы Маңғыстау облысында тіркелген. Боранбаев бұған дейін Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болған.

Конкурс шарттарына сәйкес, жеңімпаз компания барлық мектепті 2030 жылдың шілдесіне дейін толық аяқтап, жаңа оқу жылына пайдалануға беруі тиіс. Сонымен қатар нысандарға барлық инженерлік инфрақұрылым — жарық, су, газ және кәріз жүйелері толық жүргізілуі қажет.

Айта кетейік, өңірде мектеп тапшылығы өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда Алматы облысында 484 мектеп пен 40 колледж бар, алайда орын жетіспеушілігіне байланысты 30-ға жуық мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар