Шымкенттік журналист Арай Есенбекке қатысты жаңа бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда оны әдейі арандату әрекеті болғаны байқалады: бірнеше адам жасырын камера орнатып, оған қомақты ақша ұсынған, деп жазады Alash.KZ порталы qaz365.kz телеграм арнасына сілтеме жасап.
Видеода Жанна Байсейітова мен Мейірбек Төлебаев есімді азаматтардың қара сөмкеге салынған ақшаны журналистке бергені көрінеді. Алайда Арай Есенбек ұсынысты бірден кері қайтарып, ақшаны алудан бас тартқан. Ол өз ұстанымын нақты жеткізіп, «Сөмкеңе салып қой, мен алмаймын» деп жауап береді.
Сөйлесу барысында Мейірбек Төлебаевтың сыртқа шығып, басқа адамдарға «екі камера қойылғанын» және журналист ақшаны алмағанын айтқаны да жазбада көрініс тапқан.
Айта кетейік, 24 сәуірде сот шешімімен Арай Есенбек 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Арай Есенбек бұған дейін түрлі медиаларда еңбек еткен. Ол «Хабар» агенттігінде, «Оңтүстік» телеарнасында (бұрынғы «Қазақстан-Шымкент»), «31 арнада» және «Азаттық рухы» басылымында тілші болған. 2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалып, кейін қалалық Ақпараттық коммуникациялар орталығын басқарған. Соңғы қызметтерінің бірі – «Amanat» партиясының Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық филиалындағы атқарушы хатшы лауазымы.