Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тоғызқұмалақ ойнап отыр»: Мұхтар Әуезовтің бұған дейін еш жерде жарияланбаған суреті табылды

16:25, 19 мамыр 2026

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің бұған дейін көпшілікке беймәлім болып келген сирек фотосуреті табылды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Qaz365.kz порталына сілтеме жасап.

Тарихи кадрда қаламгердің қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ ойнап отырған сәті бейнеленген. Сарапшылардың пікірінше, бұл құнды дерек ұлы тұлғаның ұлттық мұра мен интеллектуалдық құндылықтарға деген құрметін ғана емес, кеңестік идеология тұсында ұмытыла бастаған өнерді сақтап қалуға сіңірген еңбегін де айғақтайды. Қазіргі таңда 1950 жылы түсірілген бұл суреттің түпнұсқасы мен нақты мекенжайына қатысты зерттеу жұмыстары басталып кетті.

Тарихи фотобейнеде Мұхтар Әуезов, оның тоғызқұмалақтағы қарсыласы және ортадағы тақтаны бақылап түрегеліп тұрған үшінші адам көрініс тапқан. Ойын үстіндегі ерекше сәт таспаланған суреттің астына «1950 жыл» деп белгі соғылған. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті, қоғам қайраткері Әлихан Байменов бұл табыстың әуезовтану ғылымы мен ұлттық спорт әлемі үшін маңызы зор екенін алға тартты.

Осы орайда Әлихан Баймен бұл жаңалықтың тарихи сабақтастық тұрғысынан мәні зор екенін атап өтті:

«Бұл жаңалықтың маңызы тоғызқұмалақ әлемі үшін де, тұлғалардың бойындағы мәдени сабақтастықты қалыптастыру үшін де, әуезовтану әлемі үшін де, жалпы зерттеулер үшін де өте маңызды. Әрине біз Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ ойнын қайта жандандыруға қосқан үлесін білетінбіз. Кеңестік идеология қысымымен, жалпы ұлттық руханият, соның ішінде тоғызқұмалақ жоғалып кетер тұста Мұхтар Омарханұлы мен Қалибек Қуанышбаев бастап, ойынның ережелерін қайта жаңғыртып, жарыстар өткізген. Енді осының бейне дәлелі табылып отыр. Бұған дейін құжаттардан білдік те, біз айтып отырған суреті болмап еді».

Белгілі болғандай, бұл жәдігердің көпшілікке жетуіне баспагерлер мен спорт жанашырлары себепші болған. Федерация басшысы құнды мұраның қалай табылғаны жайында былай деді:

«Бұл фотосурет үшін «Алматыкітап» баспасының қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Сондағы тоғызқұмалақ жанашырлары осы бейнесуретті тауып, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты спорт федерациясының вице-президенті, Binom мектептер желісінің басшысы Шолпан Қадыроваға хабарласып, сүйіншілеген. Мұның біздің қолымызға тигеніне екі-үш күн ғана болды».

Тарихи сурет Талдықорған қаласында өтіп жатқан тоғызқұмалақ ардагерлері арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанатында таныстырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген спорт қайраткерлері жиналған шарада бұл кадр Тәуелсіз Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының тұңғыш президенті, биыл 75 жасқа толған белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлына арнайы естелік ретінде сыйға тартылды. Мамандар алдағы уақытта бұл суретке қатысты тың деректер мен зерттеу қорытындылары әлі де жарияланатынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар