Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының оқу-жаттығулары 2026 жылы бірнеше мүше мемлекет аумағында, соның ішінде Қазақстанда ұйымдастырылады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл туралы ұйымның Біріккен штабының бастығы, генерал-полковник Андрей Сердюков брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл бірлескен және жедел даярлық аясында 60 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде сегіз командалық-штабтық және арнайы оқу-жаттығу бар.
Қыркүйекте Қазақстан аумағында Орталық Азия өңірінің жедел өрістету ұжымдық күштерінің қатысуымен «Рубеж» бірлескен оқу-жаттығуы өтеді. Қыркүйек-қазан айларында Ресейде Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің қатысуымен «Өзара іс-қимыл» командалық-штабтық жаттығуы, «Іздеу» арнайы барлау оқу-жаттығуы және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған «Эшелон» жаттығуы ұйымдастырылады. Ал қазан айында Тәжікстан аумағында «Кобальт» және «Скала» арнайы оқу-жаттығулары жоспарланған.
Жаттығуларға Терроризмге қарсы орталық, ТМД Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметі және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы хатшылығының өкілдері байқаушы ретінде қатысады.
Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, стратегиялық жаттығулар барысында әзірленген құжаттар алдағы бірлескен оқу-жаттығуларды жоспарлауға негіз болады.