Дональд Трамп Лионель Мессиді қонақ қылып, «Интер Майами» командасымен кездесті, деп хабарлайды Аlash.kz.
Бейсенбі күні АҚШ Президенті Дональд Трамп Ақ үйде Америка футбол лигасының (MLS) жеңімпазы — «Интер Майами» клубының ойыншыларымен кездесті. Мәртебелі қонақтардың қатарында Лионель Месси, Луис Суарес, Тадео Альенде және Родриго Де Пауль болды.
Кездесу барысында Трамп Мессидің талантына тоқталып, Пеленің «өте мықты» болғанын, бірақ Леоның одан да асып түсуі мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың АҚШ-қа әдетте мансабының соңында, жеңіске деген құлшынысы азайғанда келетінін айтты. Алайда Месси туралы: «Ол қысымға төтеп беріп, келе сала жеңіске жетті», — деп ризашылығын білдірді.
Футболдан бөлек, Дональд Трамп Иранмен арадағы қарулы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасау мүмкіндігін мүлт жібермеді:
«АҚШ Қарулы Күштері израильдік серіктестерімізбен бірлесіп, жауды жоспарланған мерзімнен бұрын талқандап жатыр. Біз Иранның зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көзін жоюдамыз».
Оның айтуынша, Иран зымыран ұшырған сәттен бастап төрт минут ішінде олардың ұшыру қондырғыларына соққы беріледі. «Олар не болып жатқанын түсінбей де қалады. Бізде әлемдегі ең қуатты армия бар. Үш күн ішінде олардың 24 кемеден тұратын флоты жойылды. Бұл — өте көп кеме», — деді Трамп.