Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұл туралы журналист Вадим Борейко адвокат Виталий Вороновтың мәліметіне сүйене отырып хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
5 наурыз күні Ержановқа тағайындалған он тәулік әкімшілік қамау мерзімі аяқталған болатын. Алайда дәл сол күні сот оны қайтадан қамауға алу туралы шешім қабылдады. Еске сала кетейік, қоғам белсендісі ақпан айының соңында ұсталған еді. Полиция оған сайлау құқықтарының жүзеге асуына кедергі келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
Бұған дейін құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратып, референдумды бойкоттауға шақыратын жазбалар анықталғанын айтқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, мұндай хабарламалар қоғамды жаңылыстыруы мүмкін болған. Сондай-ақ аталған жазбаларды жариялау барысында шетелдік байланыс нөмірлері пайдаланылғаны да көрсетілген.
Оразалы Ержанов — Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі. Бұған дейін ол жаңа Конституция жобасына қатысты сын айтып, жұмыс тобы мен Ұлттық Құрылтай мүшелерінің легитимдігі жөнінде мәселе көтерген. Сонымен қатар ол қазіргі конституциялық жоба талқылауының 1993 жылғы Конституция қабылданар алдындағыдай кең қоғамдық талқылау деңгейінде өтпей жатқанын атап өткен.