Оқушылар арасында әлімжеттік неге өршіп тұр? Мәселенің түп-тамыры неде? Бұл сұрақтардың жауабын Alash.kz ұлттық порталы белгілі ұстаз, тарихшы Өмір Шыныбекұлынан біліп көрді.
- Соңғы уақытта балалар арасында әлімжеттік пен буллингтің көбеюі, зорлық-зомбылықтың қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанының негізгі себебі неде? Бұл отбасындағы тәрбиенің кемшілігінен бе, ортаның ықпалы ма, әлде қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ме?
- Отбасындағы тәрбиенің кемшілігі, ортаның ықпалы, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке қоса, атыс-шабыс пен төбелестен тұратын компьютер ойындарының әсері де жоқ емес.
Осы тұста "ортаның ықпалы" дегенге мектеп мұғалімдері де кіреді. "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылданғанына 5 жылдан асса да, мұғалімдердің өздері басшылардың озбырлығынан құтыла алмай отырғанына Семейде шыршадан құлаған мұғалім айқын дәлел. Бұл жерде заңды аяққа таптаған басшыны ғана емес, заң бекітіп берген өз құқығын пайдалана алмай, міндетіне жатпайтын жұмысқа жегілген мұғалім де кінәлі.
- Жас ұрпақ неге қатыгезденіп барады? Жасөспірімдер арасындағы агрессияның алдын алу үшін не істеу керек?
- Жасөспірімдердің бойындағы агрессияны толық жоюға болмас, бірақ азайтуға болады. Ол үшін тас қамалға тығылып, смартфонға шұқшиған балаларды смартфоннан қол үзіп бір сәтке болса да сыртқа шығарудың амалдарын қарастыру керек.
Ол үшін аулаларға түрлі спорттық аттракциондары бар ойын алаңшаларын көбейтіп, тегін спорт секциялары мен үйірмелерді көптеп ашу керек. Демалыс күндері қала сыртына саяхатқа шығаруға кейбір ата-аналардың жағдайы көтермесе, жағдайы бар кейбір ата-ана құнттамайды. Мұндай жорықтарды ұйымдастыруды қазір көптеп ашылып жатқан Оқушылар сарайларына жүктеуге болар еді.
- Мектептегі тәрбие жұмысына көңіліңіз тола ма? Былтыр қабылданған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыра ала ма? Қазіргі білім беру жүйесіне қандай реформалар қажет?
- Өкінішке қарай, батыс елдерінен сабақ берудің сан алуан әдісін әкелгендер тәрбие туралы тұщымды ештеңе ұсына алмады. Кез келген бағдарлама секілді "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы да біраз күн есеп үшін өткізілетін көп шараның біріне айналып, бір күні ұмытылатынына өз басым кәміл сенемін.
Жоғарыда айтылған мәселелердің бәрін шешуді түлектерді педагогикалық мамандықтарға қабылдаған кезден бастамаса бері бекер. Педагогика саласы көрінген көк атты істей беретін жер емес, біліміне қоса икемі, қабілеті бар мамандар ғана істей алатын сала.
- Cұхбаттасқаныңызға рақмет!
Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы