Семейде соққыға жығылған балаға қазақстандықтар қомақты қаржы жинап берді, деп жазады Alash.KZ.
Бұл туралы Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева мәлімдеді.
Уәкілдің айтуынша, бала толық медициналық тексеруден өткен, оған қажетті психологиялық, сондай-ақ заңдық көмек көрсетілуде. Қазіргі таңда баланың әпкесінің есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға бағытталатын болады.
Белгілі семейлік заңгер Ғабит Өмірбек, блогерлер - Динара Садырбаева мен Аида Жүнісовалар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында сыныптастарынан әлімжеттік көрген Әлинұрға заңгерлік және психологиялық, материалдық тұрғыда көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, Әлинұрға басқа адамдар да есепшот ашқан көрінеді. Алайда заңгер халыққа алданып қалмау керек дегенді ескертіп отыр. Нақтырақ айтқанда, Әлинұрға арналған бір адамның атында ғана есепшот бар.
Ал блогерлер Аида Жүнісова мен Динара Садырбаева да оқырмандардың басқа есепшотқа ақша аудармауын сұрауда. Олар бір адамның атындағы екі түрлі есепшот көрсетіп отыр. Яғни көрсетілген есепшот Әлинұрдың әпкесіне тән.