Қытайлық ер адам желіде өз еліндегі байларды Қазақстанға қызықтырып, шақырып, жер алып қоюға кеңес беріп жүр, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Әділет Ахмет есім-сойлы азамат өзінің Facebook парақшасына видеоны жүктеп қытайлықтың сөздерін түсіндірді. Қытайлық азаматтың аузынан шыққан сөздің қатерлі тұсын талдап, елге көз тігіп отырғанын жекізді:“Мына бейнежазбада сөйлеп тұрған қытай қысқаша былай дейді:
“Қазақстаннан жер сатып алып жатқан қытайлықтар не үшін күн сайын көбеюде?
Себебі, бұл елде жерді біреуге сатып бергенде өмір бойы игіліктенуге береді. Сатып алған бұл жер мәңгілік сенікі деуге болады. Қазір Қазақстан дамып келе жатыр. Дамыған сайын жері қымбаттауы мүмкін.
Кейбір қытайлық қожайындар, тіпті, аса көп қытайлық байлар бүгінгі таңда шетелден жер сатып алуды, жылжымайтын мүлікке қол жеткізу үшін шетел асып кетіп жатыр. Бұл ел дамыған сайын сіздің де кәсіпорныңыз жанданып, шаруашылығыңыз шалқи түседі. Сондықтан, осы бейнежазбаны көріп отырған барлық қытайлық байлар, Қазақстаннан жер сатып алу туралы білгілеріңіз келсе, менен сұрасаңыздар, кеңес бере аламын!”
Бұл Қытайдың тикток (дуин) желісінде күллі Қытайдың байларынан шүйінші сұраған хабар. Қазір Қытайдағы экономикалық өсімнің тоқырауына байланысты, Орталық Азия мен Қазақстанға аузын арандай ашып, сабылып келіп жатқан қытайлық байлар да, басқалар да көбейіп кетті. Визасыз режим оларға көктен тілегенін жерден бергендей болып жатыр.
Не үшін?
Мынау бабалардың қанымен келген байтаққа жаттың баласын топырлатып қою — бүгінгі біздің мұратымыз ба еді, әлде?!” - деп жазды автор.